Ел көлемінде мыңға жуық ерікті қан тапсырды
Волонтерлік қызметті Конституция деңгейінде бекіту бастамасы Орталық Азия елдерінің де қызығушылығын тудырды. Еліміздегі еріктілердің айтуынша, шетелдік әріптестері мұндай шешімді таңданыспен қабылдаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жаңа Конституция жобасының 31-бабына «волонтерлік» ұғымының енгізілуі еріктілерге деген сенімді білдірсе керек. Волонтерлардың айтуынша, Ата Заңда бұл бағыттың нақты көрсетілуі олардың қоғамдағы рөлін бекітіп, мемлекет тарапынан құқықтарының қорғалатынын айқындайды. Сонымен қатар бастама шетелдік әріптестердің де қызығушылығын тудырып отыр.
«Орталық Азия мемлекеттерімен волонтерлік бағытында тәжірибе алмасамыз. Қызығып жатыр. Жаңа Конституция жобасында «волонтер» сөзін енгізу арқылы еріктілер туралы нақты түсінік қалыптасады», деді саяси жастар қозғалысының көшбасшысы Дәурен Рахымбек.
Волонтерлікпен айналысып жүрген жастарды бұл өзгеріс ерекше жігерлендірген. Ел көлемінде мыңға жуық ерікті арнайы қан тапсырып, халыққа қол ұшын созуға әрдайым әзір екенін дәлелдегендей. Жастардың пікірінше, жаңа Конституция жобасы қабылданса, қоғамның волонтерлікке деген көзқарасы өзгеріп, олардың еңбегі кеңінен танылады.
«Болашақта елімізде волонтерлардың көптігін және де оларға деген халықтың, қоғамның дұрыс пікірде болуын қамтамасыз етеді және де волонтерлық тек ерігіп немесе бос жүрген жастар емес, қоғамға бір нақты пайдасын тигізетін, пайдалы адамдар екенін дәлелдейді», деді волонтер Мәди Жүзбек
Айта кету керек, Мемлекет басшысы елде волонтерлік қызметтің дамуына әрдайым айрықша назар аударып келеді. Ел Президентінің бастамасымен 2026 жыл - Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы тарапынан Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялануы - соның айқын дәлелі.
Оқи отырыңыз: Қоғамдық кеңестер жаңа Конституция жобасын қолдады