Адам Тетянкуевтің пікірінше, жаңа Конституцияны қолдау — елдің ұзақмерзімді және орнықты дамуына жасалған маңызды қадам
«Республикалық дүнген этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Адам Тетянкуев Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын қолдап, азаматтарды референдумға міндетті түрде қатысып, осы құжатқа дауыс беруге шақырды. Оның айтуынша, қазіргі сын-қатерді ескере отырып жазылған жаңа Конституция қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Адам Тетянкуевтің атап өтуінше, жаңа Конституция жобасы еліміздің құқықтық институттарды нығайтып, әділетті қоғам құруға деген ұмтылысын көрсетеді. Ол Негізгі заңды жаңарту мемлекет пен қоғамда болып жатқан өзгерістерді ескеруге мүмкіндік беретінін, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейте түсетінін айтады.
«Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы еліміздің әділетті әрі құқықтық қоғам құруға деген ұмтылысын көрсетеді. Негізгі заңды жаңарту сын-қатерлерді ескеруге, азаматтардың құқықтарын нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді жас белсенді.
Оның пікірінше, жаңа Конституцияны қолдау — елдің ұзақ мерзімді және орнықты дамуына жасалған маңызды қадам. Ол бұл құжат мемлекет пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, азаматтардың тегі мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тең құқыққа ие болуына сеп болады деді.
«Жобаны қолдау — Қазақстанның болашағына салынған инвестиция. Бұл — жауапкершілік пен заңдылық дамудың негізіне айналатын, мемлекет пен қоғам тепе-теңдікте болатын болашақ», — деп қосты Адам Тетянкуев.
Сөз соңында ол қазақстандықтарды азаматтық ұстаным танытып, референдумға келіп, жаңа Конституцияның жобасын қолдауға шақырды. Әр азаматтың оған қатысқаны ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция - «Әділетті Қазақстан» құрудың алғышарты