Алматыда сағат дәл 07:00-де референдум өткізуге арналған барлық 653 учаске ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаланың қоғамдық көлігі мен инватакси қызметтері тегін жұмыс істеді.
Көптеген азамат учаскелер ашылмай тұрып келіп алды.
Учаскелерде бірыңғай визуалды стильде безендірілген жарқын әрі сәнді фотоаймақтар ұйымдастырылды.
Игі дәстүрге айналған бастамалардың бірі – алғашқы дауыс берушілерге тәтті сыйлықтар тарату болды. Осындай сыйлықты алматылық Аида Мұсаханова да алды.
«Референдумға қатысу – менің азаматтық парызым. Мемлекет халыққа шешім қабылдауға мүмкіндік беріп отыр», – деді ол.
№403 учаскеде Ұлы Отан соғысының 100 жастағы ардагері Василий Долбня дауыс берді. Оның айтуынша, бұл референдум ел тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі.
Наурызбай ауданында 101 жастағы Камила Қосумаева да учаскеге арнайы келіп, дауыс берді. Көп жыл бойы ел игілігі үшін еңбек еткен кейуана мұндай халықтық таңдау өте маңызды екенін айтты.
«Мен әрқашан дауыс беруге қатысуға тырысамын. Әр адам келіп, таңдау жасауы керек», – деді ол.
Тағы бір ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері Леонид Подколзин референдумға қатысып, үйінде дауыс берді.
Референдумға мәдениет саласының өкілдері де белсенді қатысты. №559 учаскенің комиссия мүшелері әйгілі опера әншісі әрі актриса Бибігүл Төлегенованың үйіне барып, дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастырды. Қазақ өнерінің аңызы елге ақ батасын берді.
«Елімізде тыныштық пен береке болсын. Мәңгілік еліміздің болашағы жарқын болсын!» – деді ол.
Белгілі театр қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов та референдумға алғашқылардың бірі болып қатысып, таңдау жасады.
«Біз тек өз өміріміз үшін емес, келер ұрпақ алдында да жауаптымыз», – деді ол.
Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айжан Нұрмағамбетова мен Қазақстанның халық артисі Лидия Кәденова да дауыс берді.
Жастардың кумирі, әнші Қуандық Рахым да Алматыдағы референдум учаскелерінің бірінде азаматтық борышын орындады.
«Бүгін мен Қазақстанның жарқын болашағы, халықтың игілігі және өсіп келе жатқан ұрпақтың дамуы, бақытты әрі берекелі ел үшін дауыс бердім», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов.
Референдумға сондай-ақ Қазақстанның халық артисі Мұрат Серкебаев, әнші Сандуғаш Стамғазиева, музыкант Өктем Алтаев, жазушылар Нұрдәулет Ақыш пен Қали Сәрсенбай, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сағызбай Қарабалин және кинорежиссер Ғазизхан Әділханов және басқа да мәдениет қайраткерлері қатысты.
Спорт саласының өкілдері де белсенділік танытты. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегерлері Александра Ле мен Ислам Сәтпаев, сондай-ақ әлем чемпионаттарының жүлдегері Виктория Графеева дауыс берді.
Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов референдумда отбасымен бірге келіп дауыс берді.
«Мұндай шараларға қатысу – әр азаматтың жауапкершілігі», – деді ол.
Айта кетейік, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова дауыс беру үшін Алматы облысындағы оқу-жаттығу жиынынан арнайы келді. Ал қазіргі уақытта Чехияда жүрген Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев Прага қаласындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі жанындағы учаскеде дауыс берді.
Белгілі байкер Дмитрий Петрухин де референдумға қатысып, таңдау жасады.
Қаладағы көптеген еңбек ұжымы учаскелерге ұйымдасқан түрде келді. Таңертеңнен бастап «АлматыЭлектроТранс», Алматы метрополитені, «Алматыжылужайэнерго», «Алматы Су», «Алматы Паркинг» кәсіпорындары мен «Шин-Лайн» компаниясының қызметкерлері дауыс берді.
«Алматы Қала Жарық» ұжымы да жұмысын тоқтатпай-ақ дауыс беріп қайтты.
Ұлттық диаспора өкілдері де республикалық референдумда белсенділік танытты. Атап айтқанда, ұйғыр қауымдастығының өкілдері Қалқаман және Қарағайлы учаскелерінде ұлттық киім киіп келіп, дауыс беріп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Алматылық жастар әлеуметтік желілерде онлайн челлендж ұйымдастырды. Студенттер, еріктілер және белсенді қолданушылар референдумға қатысу туралы бейнежазбалар мен стористер жариялап, азаматтық ұстаным танытудың маңызды екенін айтты.
Дауыс беруге «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары – педагогтер әулеті Дүйсебаевтар мен теміржолшылар әулеті Қапышевтер де келді.
«Әр дауыс – біздің таңдаған болашағымызға жасалған қадам», – деді олар.
Қоғам белсендісі Богдан Джепка бірнеше учаскені аралап, олардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігін тексерді. Оның айтуынша, көптеген жерде пандустар, тактильді бағыттағыштар мен Брайль қарпімен жазылған материалдар және басқа да қажетті құралдар қарастырылған. Бұл ерекше қажеттілігі бар адамдардың дауыс беруіне жол ашады.
Перинатология және балалар кардиологиясы орталығының 110 пациенті де референдумға қатысты. Орталық директоры Гүлнәр Нұрланованың айтуынша, пациенттердің медициналық мекемеден шықпай-ақ дауыс беру құқығын пайдалануы үшін барлық жағдай жасалған.
30-дан астам учаскеде концерттер өтіп, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, балаларға арналған алаңдар жұмыс істеді.
Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы учаскеде арнайы жабдықталған аймақта балаларға арналған үлкен әрі қызықты бояу панносы орнатылды.
Танымал кейіпкерлер бейнесіндегі ұзын бойлы қуыршақтар қатысқан шағын қойылымдар көрсетіліп, балаларға арналған аттракциондар жұмыс істеді.
Тұрғындарға учаскелердің өзінде Айжан Нұрмағамбетова, Асхат Тарғын және Сейфуллин Жолбарыс концерт қойды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері ұлттық киім киіп шығып, Абайдың «Көзімнің қарасы» туындысын орындады. Бұл қала тұрғындарының назарын аударып, олар өнерпаздарды қол шапалақтап қолдап, суретке түсіп жатты.
«Б. Момышұлы» метро бекетінде би перформансы өтті. «Алатау дәстүрлі өнер театрының» артистері ұлттық нақыш пен серпінді ырғаққа толы әсерлі би орындады.
Кейбір учаскелерде гүл дүкендері әйелдерге гүл тарату акциясын ұйымдастырды.
Қалада 24 әлеуметтік жәрмеңке өткізіліп, оған шамамен 50 мың адам келді. 350-ге жуық жергілікті кәсіпкер мен өндіруші өнімдерін ұсынды.
Ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында «Nauryz Sale» акциясы өтіп, тұрғындар тауарларды жеңілдікпен сатып алды.
Алматыда учаскелерге Супермен, Темір адам, Капитан Америка, Джокер және «Бүркіт» ұзын бойлы қуыршағы секілді суперқаһармандар бейнесіндегі қатысушылар да келді.
Әлеуметтік желілерде танымал алматылық Барс Әділет те учаскесінде дауыс берді.
Алғаш рет дауыс берген жастар да аз болмады. 18 жасқа енді толған студент Нұрсұлтан Дадыл Threads әлеуметтік желісінің костюмін киіп келді. Танымал платформаның логотипі бейнеленген киім тұрғындардың назарын аударып, көпшілігі оны суретке түсіріп жатты.
«Threads-та адамдар көбіне жасырын аккаунт арқылы пікірталас жасағанды ұнатады. Интернетте отырып бәрін сынау оңай, ал шын мәнінде таңдау жасап, дауыс беру де маңызды», – деді ол.
Алматылықтардың бірі учаскеге пингвиннің костюмін киіп келді. Ол бірден көпшіліктің назарын аударып, онымен бірге суретке түсіп, селфи жасады. Бұл кейіпкер референдумға қатысу үшін Антарктидадан ұзақ жол жүріп келген «саяхатшы пингвинді» бейнеледі.
Инновациялық шығармашылық орталығы — Отбасылық оқу кітапханасында буккроссинг акциясы өтті.
Қоғамдық коммуникациялар орталығында тәуелсіз бақылаушылардың ақпараттық штабының жетекшісі Рафаэль Гасанов бақылаушылар белсенді мониторинг жүргізгенін айтты.
«Әр бақылаушыда арнайы журнал бар. Онда сайлау учаскелеріндегі барлық рәсім мен көрсеткіш жазылады», – деді ол.
«AMANAT» партиясы да қаладағы барлық учаскеде бақылаушылар жұмыс істегенін хабарлады.
Олар барлық рәсімнің сақталуын тіркеп, учаскелік комиссиялардың жұмысы белгіленген тәртіпке сай ұйымдастырылғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркиядан келген халықаралық бақылаушылар бірқатар учаскені аралады.
«Ер Азамат» қоғамдық бірлестігінің өкілі Алина Кан мен қоғам белсендісі Андрей Андреев дауыс беру үдерісі тыныш әрі ұйымдасқан түрде өткенін айтты.
«Дауыс беру қалыпты режимде өтіп жатыр, адамдар азаматтық борышын орындауда», – деді Алина Кан.
Осылайша, Алматыдағы референдум мегаполистегі креативті көзқарас пен жылы, достық атмосфера қалыптасқанын тағы бір рет көрсетті.