Алматыдағы қалалық №7 клиникалық ауруханасына биыл 30 жыл. Бір қызығы, медициналық мекемеде елмен бірге есейген тәуелсіздіктің 57 төл құрдасы жұмыс істейді. Барлығы егемендіктің ақ таңында білім алып, бүгінде қоғамға өз үлесін қосып жатыр. Еңселі елдің құрдастарымен тілдесіп қайтқан Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртайдың сюжетіне зер салсақ.
Егемендікпен түйдей құрдас Айбек Тұралиев – бүгінде білікті нейрохирург дәрігер. Науқастарға ота жасап, уақытылы ем көрсетеді. Орда бұзар жасқа келген азаматтың сөзінше, отандық медицинада еңбек етуді бала күнінен армандаған.
«Қазақстанның болашағы зор деп білемін. Берілген мүмкіндітерді қолданып, жастарымыз әлемдік деңгейде түрлі саладан көрінеді деп ойлаймын», – деді Қалалық №7 клиникалық ауруханасының нейрохирург дәрігері Айбек Тұралиев.
Ал, Ұлжан Апбасова өршіген індетке қарсы тұрып, ковид пен созылмалы ауру жұқтырған науқастарды қабылдайды. Тиісті диагноз қойып, қажетті ем-дом жасайды.
«Тәуелсіздік алып, бізге көптеген мүмкіндіктердің ашылуына байланысты жоғары оқу орнында мүмкіндік көп болды. Шетелдік мамандардың білімін алуына, онлайн білім алуға көптеген мүмкіндік болды», – деді Қалалық №7 клиникалық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Ұлжан Апбасова.
Егемендік алған тұста негізі қаланған бұл аурухана қала бойынша созылмалы аурулардың жедел асқынуы мен коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдайды. Пандемия кезіндегі жүктеменің артуына қарамастан, дәрігерлер алдыңғы шепте жүріп, артылған міндетті абыроймен атқарып жүр.
Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев,«Алматы» телеарнасы