Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер партиялардың телевизиялық пікірсайысқа қатысу тәртібі белгіленді

23.12.2020 15:27

Пікірсайыс екі тілде өтеді

Almaty.tv

Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына үміткер партиялардың телевизиялық пікірсайысқа қатысу тәртібі белгіленді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен бүгін партия өкілдері өз кезектерін жеребе тарту арқылы анықтады. Сөйтіп, жеребе нәтижесі бойынша алда өтетін теледебаттарда бірінші болып  «Ауыл» партиясы сөз алады. Екінші – «Адал» партиясы, Үшінші – «Ақ жол», Төртінші – Қазақстан халық партиясына және Бесінші сан – «Нұр Отан» партиясына түсті. Жалпы аумақтық сайлау комиссиясының бекіткен регламенті бойынша телеарнадағы пікірталастар 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде кандидаттар сайлауалды бағдарламаларының басты бағыттарын айтады. Екінші турда шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы сөз қозғайды. Ал үшінші кезеңде үміткерлер сайлаушыларға өз үндеулерін жолдайды.

«Сайлау кезеңінің үгіт-насихат кезеңі жүріп жатыр. Ал енді сол үгіт-насихат шеңберінде мемлекет тарабынан көрсетілетін көмек болады. Арнайы теледебат өткізуге қаржы бөлінген болатын. Ол теледебатты заң бойынша біз Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырып, партияларға жағдай жасауымыз керек. Соның бәрі істелінді», – деді қалалық Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова.

Пікірталас мемлекеттік және орыс тілдерінде өтеді. Әр айналымда қатысушылар алдыңғы тәртіпке кері кезекпен шығады. Дебатқа саяси партиялар мен олардың сенімді адамдары қатысады. Айта кетейік, теледебат ертең, яғни 24 желтоқсан кешкі сағат 20:00-де «Алматы» арнасының тікелей эфирінде көрсетіледі.

ГРАФИКА:

1. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы

2. «Adal» саяси партиясы

3. «Aq Jol» Қазақстан демократиялық партиясы

4. «Қазақстан халық партиясы»

5. «Nur Otan» партиясы