Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында дауыс берді

10.01.2021 в 16:42

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы «Астана Опера» театрында орналасқан №115 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді

Бүгін «Nur Otan» партиясының Төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы «Астана Опера» театрында орналасқан №115 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Аталған сайлау учаскесінің төрағасы Марат Мусиннің сөзіне қарағанда, учаскеде 3 592 сайлаушы тіркелген.

«Учаске уақытылы ашылды, сағат 07:00-ден бастап тұрғындар дауыс беруге келіп жатыр. Дауыс беруге келу қарқыны жақсы. Сайлау учаскесіндегі барлық рәсімдер заңнамаға сәйкес іске асырылды», – деді учаске төрағасы М. Мусин.

Сонымен қатар, ол учаскеге сағат 06:00-ден бастап байқаушылар, БАҚ өкілдері келгенін атап өтті. Таңертеңнен бері байқаушылар тарапынан ескертулер болмады.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан аумағында құрылған барлық сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. 

Депутаттарды сайлау бойынша дауыс беру Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерде құрылған 10 060 сайлау учаскесінде жүргізіліп отыр. Сайлау комиссиялары дауыс беру орны мен уақыты туралы дер уақытында ақпарат берді. Елорда уақытымен сағат 08:00-де жағдай бойынша еліміздегі 9 994 сайлау учаскесінде және шет мемлекеттердегі қазақстан өкілдіктері жанындағы 17 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды.