Алматыда аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бақылаушылары сайлауға толықтай дайын

Фото: forbes.kz
Фото: forbes.kz
Бұл туралы кәсіподақ тарапынан арнайы құрылған штаб басшысы Серікжан Байғұтдинов баспасөз конференцияда мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық бақылаушылар саяси доданың ашық өтуін қадағалауға белсенді дайындық жүргізуде. Мәселен қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бақылаушылары ертеңгі сайлауға толық әзір. Бұл туралы кәсіподақ тарапынан арнайы құрылған штаб басшысы Серікжан Байғұтдинов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда сайлауға дайындық қызу жүруде. Осы ретте қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өз тарапынан шығатын бақылаушылардың тізімін жасақтап, сайлаудың әділ өтуін бақылауға тыңғылықты дайындалғанын мәлімдеді. Бақылаушылар штабының құрамына қаланың 507 сайлау учаскесін назарда ұстайтын 1014 адам енген.

«Әрбір учаскеде бір бақылаушы болады. Сайлау барысында екінші бақылаушымен ауысып отырады. Яғни, бір учаскеде екі бақылаушы жұмыс істейді. Сайлаудың заңды әрі ашық өтуін қадағалау – біздің басты миссиямыз. Барлық процесті мұқият тіркеп отырамыз»,  – деді қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бақылаушылар штабының басшысы Серікжан Байғұтдинов.

Бақылаушылар бір жарым ай бойы заң, Конституциялық құқық туралы және түрлі конфликтерді шешу жолдарына байланысты арнайы тренингтер мен семинарлардан өткен. Мамандар кәсіподақ бірлестігінің мұндай ауқымды науқанға қатысуы кәсподақ саласының ілгерілеуіне сеп болады дейді.

Сонымен қатар, бақылаушылар Ковид-19 инфекциясына ПТР тест тапсырып науқанға кірісуге сақадай сай дейді штаб мүшелері. Оларға қажетті нұсқаулықтар беріліп, керекті құжаттармен қамтылған.

«Сайлау кезінде біздің бақылаушыларымыз заңнама аясында жұмыс істейді. Олар сайлау комиссиясының отырысына қатыса алады, сайлаушылардың саны туралы ақпарат ала алады, тасымалданатын сайлау жәшіктерін алып жүре алады, дауыс беру барысын, дауыс санауды және нәтижелерді рәсімдеуді бақылайды», – деді қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бақылаушылар штабының мүшесі Нагрипа Әлімбаева.

Бүгінде аумақтық кәсіподақ бірлестігінде 200 мыңнан астам жұмысшы тіркелген. Конференция барысында штаб мүшелері азаматтарды сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырды. Сондай-ақ, олар өздерінің ешқандай партияға үгіт жасап, басымдық бермейтінін баса айтып, бақылаушылар тек сайлаудың әділ өтуіне назар аударады деді.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров