Барлық учаскелік комиссиялар қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген: маскалар, антисептиктер, антисептиктермен суланған кілемшелер
Алматыдағы сайлау учаскелері сайлауға 100% дайын. Бұл туралы Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалпықалалық баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Ж. Асанова 10 қаңтарда дауыс беру таңғы сағат 7.00-де басталып, 20.00-ге дейін жалғасатынын айтты. Сайлау учаскелері сағат 6.00-де ашылады. Сағат 6.00-ден 7.00-ге дейінгі уақыт ішінде учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беретін орындарды, сайлау урналарын, құжаттарды дайындайды. Әр сайлау учаскесінде азаматтардың тұрақты тіркеуі бойынша жасалған сайлаушылардың тізімі бар.
«Қазір жергілікті атқарушы органдармен бірігіп ашқан байланыс орталығына көптеген қоңырау келіп түсуде. Телефон бүгін де жұмыс істейді, нөмірі – 21-10-01. Осы нөмірге қоңырау шалып, әркім өзінің сайлау учаскесі туралы ақпаратты біле алады», – деді Ж. Асанова.
Оның айтуынша, байланыс орталығына «Мен неге тізімде жоқпын?» деген сұрақ жиі қойылады екен. Мәселені тексеру барысында адамның тіркелмегені немесе басқа қалада тіркелгені анықталады. Ж. Асанова Алматыдағы сайлаушылар тізіміне Алматыда тіркелген азаматтардың ғана енгізілгенін тағы бір рет еске салды. Қалған азаматтардың барлығы есептен шығару куәлігі арқылы дауыс береді.
Дауыс беру процедурасы «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген. Сайлаушы өзін тізімнен табады, қолын қояды, бюллетень алады. Сайлауда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау үшін екі бюллетень болады. Көру қабілеті нашар адамдарға арналған екі трафарет болады.
«Бұл өте маңызды. Егер көру қабілеті нашар жақындарыңыз, достарыңыз болса оларға Мәжіліс бюллетеньі төртбұрышты тактильді, ал мәслихаттікі дөңгелек тактильді болады. Бұл туралы арнайы ролик түсіріліп, сайлау учаскелерінде көрсетілуде», – деді Ж.Асанова.
Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған. Барынша кең арнайы кабиналар бар. Олар үшін барлық сайлау учаскелері бірінші қабатта орналасқан.
Ж. Асанова журналистердің кабиналардың алдыңғы перделерінің жоқтығына орай қойған сұрақтарына жауап берді. Бұл шара коронавирус жағдайымен байланысты екенін айтты.
«Кабина қалай болғанда да жабық кеңістік, алдыңғы перде кедергі келтіреді. Адам кірген кезде оған бәрібір бетін тигізеді. Біз қанша сайлаушы келетінін білмейміз. Коронавирустың таралу қаупі әлі де бар болғандықтан, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сай, бұл сайлауда кабина алдыңғы пердесіз болады», – деп түсіндірді Ж. Асанова.
Осындай талаптар өткен жылдың тамыз айындағы ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау кезінде де қойылған болатын.
Барлық учаскелік комиссиялар қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген: маскалар, антисептиктер, антисептиктермен суланған кілемшелер. Комиссия мүшелеріне қорғаныш костюмдері берілді.
Үйде дауыс беру үшін учаскелік сайлау комиссиясына өтінішті ертең, 10.01.2021 жылы сағат 12.00-ге дейін жіберу керек.
Сайлау учаскелері туралы ақпарат қалалық «Алматы ақшамы» және «Вечерний Алматы» газеттерінде жарияланды. Сондай-ақ, қалалық әкімдіктің сайтында «Сайлау» бөлімі бар, онда барлық жан-жақты ақпарат берілген. Сіз сондай-ақ байланыс орталығына немесе «Open Almaty» қоғамдық қабылдау бөлмесінің сайтына қоңырау шала аласыз, мұнда «Өзіңізді сайлаушылар тізімінен табыңыз» батырмасы бар. Толығырақ ақпарат алу үшін сіз ХҚКО-ға хабарласуыңызға болады.