Телеграм-бот және әкімдіктің Сall-орталығы арқылы 300 мыңнан астам алматылық өзін сайлаушылар тізімінен тексерген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы жылы 10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісі мен қалалық мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтеді. Алматы әкімдігі ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша жүктелген функцияларды, оның ішінде ақпараттық жұмысты атқаруда.
Алматы әкімдігі қаланың аумақтық сайлау комиссиясының әдіснамалық қолдауымен 2020 жылғы 10 қарашадан бастап ҚР Парламенті Мәжілісі мен қала мәслихаты депутаттарын сайлауда сайлау учаскелері туралы ақпарат беру бойынша бірыңғай нөмірі 221-10-01 болатын арнайы Сall-орталық іске қосылды.
Сall-орталықтың 15 операторы күн сайын (демалыссыз) сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін сайлау және рәсімдік мәселелерді түсіндіреді.
Айта кету керек, Call-орталықтың мамандары арнайы оқудан өтіп, сайлаушылардың мүмкіндіктеріне, дауыс беру рәсімдері мен сайлау учаскелерінің жұмысына қатысты заңнамалық нормаларды түсіндіре алады. Қала тұрғындары өздерін сайлаушылар тізімінен және өздерінің сайлау учаскелерінен тексере алады, сондай-ақ басқа қалалардан келгендер қайда дауыс бере алатынын біле алады.
Сонымен қатар, өзіңізді сайлаушылар тізімінен @sailau_almaty телеграм-ботының көмегімен және «OpenAlmaty» онлайн-сервистерінен және http://service.almaty.kz/kz ақпарат алып, тексеруге болады.
2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша барлығы 304 420 адам өздерін сайлаушылар тізімінен тексерді, оның ішінде Call-орталықтың телефоны бойынша – 4713 адам, Телеграм-бот және сайт арқылы – 299 707 адам.
Сайлау күні, осы жылы 10 қаңтарда Call-орталық штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
Операторлардың жұмысы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, бекітілген санитарлық-эпидемиялық талаптар сақталады.