Саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда

02.01.2021 21:50

Сайлауға партиялардың атынан 312 үміткер Мәжіліс депутаттығына ұсынылған

Almaty.tv

Жаңа жыл қарсаңында саяси тартысқа түскен партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қазақстан Халық партиясының» өкілдері елордалықтарға саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы көрсетілген кітапшаларын таратып, ондағы ең негізгі бағыттармен таныстырды.  

Ал Алматы облысына сапары барысында «Нұр Отан» партиясының өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Саяси ұйым мүшелері осы күнге дейін атқарылған жұмысты, саяси-әлеуметтік, экономикалық жетістіктерді жіпке тізіп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

«Ауыл» партиясының Алматыда өткен акциясы рухани құндылықтарды жаңғыртуға арналады. Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, береке мен байлығымыздың бастауы. Ерекше шара ұйымдастырған «ауылдықтар» көкейкесті мәселелерді талқылады.  

«Ақ жол» партиясының өкілдері халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Партия филиалының елордалық өкілдері шаңғы марафонын ұйымдастырып, денсаулықты нығайтуға бағытталған шараның маңыздылығына тоқталды.  

«Адалдықтар» стартап жобалармен айналысып жүрген алматылық жастармен кездесті. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын баяндап, қазіргі білім беру жүйесінің тиімділігі жан-жақты талқыланды. Жиынға қатысушы жастар өз ұсыныстарын айтты.  

Сайлауға партиялардың атынан 312 үміткер Мәжіліс депутаттығына ұсынылған. Кандидаттарға дауыс беру 10 қаңтар таңғы сағат 7-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.  

Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы