Сайлау 2021: Бірнеше үкіметтік емес ұйым бірлесіп, сайлауды бақылауға күш жұмылдырмақ

23.12.2020 23:06

Ол туралы аталған орталықтың жетекшісі, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева айтты

Almaty.tv

Бейпартиялық байқау орталығының міндеті – ешкімді алаламай бақылау жүргізу. Ол туралы аталған орталықтың жетекшісі, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, басты мақсат –  барлық партиямен өзара қарым-қатынасты ретке келтіру. Айта кетейік, үкіметтік емес ұйымдар бірігіп, саяси додаға түсіп жатқан партиялардың өкілдерімен кездесіп, сайлау ережелерін, бақылаушылардың міндеттерін жан-жақты түсіндіріп жатыр.

«Бірнеше үкіметтік емес ұйым бірлесіп, сайлауды бақылауға күш жұмылдырдық. Әлемде бейпартиялық бақылау желісі бар. Оның құрамына әлемнің 132 мемлекеті, 245 ұйымы енген. Біз осы сайлаудан кейін сол дүниежүзілік желіге қосылуды көздеп отырмыз. Біз Қазақстан бойынша бақылау жүргіземіз. Бүгінде 18 мыңға жуық байқаушы жасақталды», – деді Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының жетекшісі Бану Нұрғазиева.

Ал, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторинг тобының басшысы Айгүл Соловьева үкіметтік  емес сектор ретінде сайлауға тәуелсіз баға береміз дейді.

«Біздің міндет –  сайлауға бара жатқанын партиялардың құрамын анықтау. Алайда оның құрамы қаншалықты сапалы, қанша әйел мен жастар бар, олардың бағдарламалары қандай, олардың сенімді өкілдері кім – осының бәрін білгіміз келеді», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторинг тобының басшысы Айгүл Соловьева.