Сайлау 2021: Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу аяқталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына 398 байқаушы тіркеліп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Орталық сайлау комиссиясы халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеуді аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

2020 жылғы 29 желтоқсан мен 2021 жылғы 4 қаңтар аралығында Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуге қосымша 4 халықаралық ұйым мен 7 шет мемлекеттен 24 байқаушының кандидатурасы ұсынылған. Осыған байланысты, арнайы ұйымдастырылған отырыста халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы қабылданды. Осылайша, аккредиттеу қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына барлығы 398 байқаушы тіркеліп отыр.

«Оның ішінде ТМД байқаушылар миссиясынан 2 байқаушы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы парламенттік Ассамблеясынан 1 байқаушы, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан 3 байқаушы, ҚР-дағы Еуропалық Одақ өкілділігінен 2 байқаушы», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова.

Бұдан бөлек, Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру қорытындылары айтылды. Электоралдық оқытуды ұйымдастыру бойынша республика көлемінде 5 180 оқыту іс-шарасы өткізілген.

«Оның ішінде: - Ортсайлауком деңгейінде - 40 оқыту іс-шарасы, соның барысында аумақтық сайлау комиссияларының 1 007 мүшесі және сайлаудың басқа да 1 454 қатысушысы оқытылды; - өңірлік деңгейде - 5 140 іс-шара, қатысушылардың жиынтық саны - 148 062 адам», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина.

Новости партнеров