Алматыда бақылаушылар тізімі жасақталды
«Менің сайлау құқығым» бағдарламасы аясында кәсіподақтардың бақылаушылары Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының 2021 жылғы сайлауы кезінде өз міндеттерін сауатты және адал орындауға үйретеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Белгілі болғандай, Алматы қаласының 507 учаскесінде 1014 адамнан тұратын қала кәсіподақтарынан бақылаушылар тізімі жасалды. Олар сайлаудың адал және ашық өтуін және сайлау учаскесіне келген әрбір ҚР азаматының өз еркін білдіруін қадағалауы тиіс.
Сабақтарда «Алматы қаласының Кәсіподақ орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің сайлаушылар штабының мүшелері бақылаушылардың құқықтары мен міндеттеріне егжей-тегжейлі тоқталып қана қоймай, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, ішкі істер органдарының қызметкерлері дауыс беруге арналған үй-жайда болуы керек пе деген мәселе қозғалды.
ҚР сайлау туралы Заңына сәйкес, олар тек комиссия төрағасының шақыруымен ғана сонда болуға құқылы және оның өтініші бойынша не сайлау учаскесіндегі тәртіп қалпына келтірілгеннен кейін үй-жайдан дереу кетуге міндетті. Үйде дауыс беру ережелері туралы да айтылды. Егер сайлау комиссиясы бақылаушыларды портативті жәшікпен бірге жүруге шақырмаса немесе оған қарсылық білдірсе, бұл заңды бұзу болып саналады. Сондай-ақ үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді өткізу үшін берілетін бюллетеньдердің саны өтініштердің санына (резервті ескере отырып) сәйкес келуге тиіс. Бұдан бөлек, комиссия мүшелері үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді өткізу кезінде үміткерлердің қайсыбірі үшін дауыс беруге үгіттемеуі не болмаса кімге дауыс беруді ұсынбауы керек.
Тренинг соңында тыңдаушылар ұйымдастырушыларға әдістемелік және ақпараттық көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.
«Мен бақылаушыларға арналған оқудан өттім, онда барлық мәліметтер айтылды. Мен өзім үшін ең маңызды сәттерді белгілеп алдым, олар: бақылаушының міндеттері, бақылаушылардың жұмыс қағидаттары, мінез-құлық кодексі. Сондай-ақ, «Бақылаушының заң бұзушылықтарды анықтаған кездегі іс-әрекеттері» және «Әрекет ету стратегиясы» практикалық тақырыптары мен үшін пайдалы болды», – деді бақылаушылардың бірі Алтынай Нұрақыш.
Өз кезегінде тыңдаушы Сақып Қапарова сайлауды бақылау азаматтардың құқықтарын қорғау, сайлаудың ашықтығы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Оқу барысында мен бақылаушылардың жұмысы туралы көп ақпарат алдым, құқықтық құжаттармен, сайлау учаскесіндегі бақылаушылардың жұмыс тәртібімен таныстым, сондай-ақ практикалық тренингтерге қатыстым. Бақылаушылардың қатысуы жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге, сайлауға деген сенімді арттыруға ықпал етеді. Байқаушылар алған білімдерін сайлаудың ел заңнамасына сәйкес өтуі үшін пайдаланады деп ойлаймын», – деп атап өтті ол.