Елдегі саяси партиялар алдағы сайлау науқанына қызу дайындық үстінде

Almaty.tv
Almaty.tv
Жалпы сайлауға түскен бес партиядан Парламенттің төменгі палатасына 312 адам үміткер ретінде бақ сынап жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде сайлаудың өтуіне аз ғана күн қалды. Партиялар үгіт-насихат жұмыстарын белсенді атқарып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Nur Otan» партиясының республикалық сайлауалды штабы Павлодар облысына барды. Новочерноярка ауылының тұрғындарымен кездескен үміткерлер елдің әлеуметтік мәселелерін тыңдады. Әсіресе мұндағы халықты жол сапасы толғандырады. «Nur Otan» партиясы республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Бауыржан Байбек: «Біз әр өңірге арнап сайлауалды бағдарлама әзірледік. Павлодар облысы бойынша 45 мың жұмыс орнын ашамыз, 1600 километр жол, 2 миллион шаршы метр тұрғын үй саламыз. Соның ішіндегі 9 мың шаршы метрі мұқтаж жандарға арналады» – деді.

«Ауыл» партиясының сайлауалды үгіт-насихат тобы Алматы облысында болып, «Шелек Фермерлері» атты кәсіпорынның жұмысшылары мен Шелек ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауыл шаруашылығымен айналысатын компаниялардың жұмысы мен оны дамыту туралы мәселелер талқыланды.

«Ақ жол» партиясы насихат жұмыстарын Медеу спорт кешенінде ауқымды түрде ұйымдастырды. Спорттық марафон аясында үміткерлер жаяу баспалдақпен тау басына көтеріліп, одан кейін салт аттылармен бірге алып бөгеннің бойымен жүгіріп шықты. Шымбұлақта флешмоб өткізіп, қала қонақтары мен тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.

Ал адалдықтар қала базарларына барып саудагерлер мен тұрғындарға өз бағдарламаларын таныстырды. Арнайы жасалған нұсқаулықтар мен қағаздарды таратты. Партия өкілдері әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсарту үшін күнкөріс деңгейін 600 мың теңгеге дейін өсіруді мақсат ететінін алға тартты. Сондықтан елден көбірек қолдау күтетіндерін жеткізді.

Жалпы сайлауға түскен бес партиядан Парламенттің төменгі палатасына 312 адам үміткер ретінде бақ сынап жатыр. Кандидаттарға дауыс беру 10-шы қаңтар таңғы сағат 7-ден кешкі 8-ге дейін өтеді.


Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, Медет Саматұлы "Алматы" телеарнасы

Новости партнеров