Сайлауға 5 күн қалды: Партиялардың алматылық филиалдары қалай жұмыс істеп жатыр

06.01.2021 01:17

Халықты қандай мәселелер толғандырады?

Almaty.tv

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына 3 күн қалды. Ал саяси додада бақ сынайтын бес партияның мүшелері халықты сайлауға белсенді қатысуға шақырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үміткерлер бұқараның мұң-мұқтажын, талап-тілектерін ескеріп, оны шешуге арналған тың идеяларын ұсынуға көшкен. Халықты көбіне баспана, кәсіпкерлік, зейнет жасы сияқты мәселелер толғандырады екен.

Қазақстан Халық партиясы туризм, сауда, қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлердің басын қосып, бизнестегі түйткілдерді талқылады. Партия өкілдері пандемиядан кейін кәсіпкерлерге ауқымды түрде қолдау көрсетілуі тиіс дейді.

Ал «Нұр Отан» партиясының өкілдері қала тұрғындарымен канвассинг кездесу өткізді. Үміткерлер білім саласында еңбек еткен зейнеткердің үйіне барып сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндірді.

«Ауыл» партиясының мүшелері 2020 жылға қарай халық санын 25 миллионға дейін өсіру керек деген жоспар орындалмағанын айтады. Бұған халықтың әлеуметтік жағдайы тікелей әсер етеді деп санайды. Сондықтан партия үш баласы бар отбасыларды көпбалалы деп танып, балалар жәрдемақысын 18 жасқа дейін ұзартуды ұсынды. Бұдан бөлек ауылдағы медицина мен азық-түлік өнеркәсібіне көптеп ден қою қажет дейді.

Ал, ақжолдықтар металлдан жасалған құрылғылар шығаратын «Электрощит» зауытының жұмысшыларымен кездесті. Кандидаттар алдағы жоспарларын бөлісіп, елді партияға қолдау көрсетуге шақырды. Жемқорлықпен күрес, әлеуметтік теңдік және кәсіпкерлерді қолдау туралы ойларын ортаға салды. Партия мүшелері халықтың тең жартысын баспана мәселесі толғандыратынын алға тартады.  

«Адал» партиясынан депутаттыққа үміркерлер Семей қаласында болып сайлаушылармен бірқатар кездесу өткізді. Партия өкілдері жергілікті компания жұмысшыларын, колледж студенттері және көпбалалы отбасыларын тыңдады. Аймақ тұрғындары зейнет жасы, жастар мен тұрғын үй саясатын қайта қарауды сұрады. Әсіресе, елді баспана жетіспеушілігі, алғашқы төлемге қаражаттың тапшылығы сияқты сұрақтар толғандырады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше бүгінде сайлау комиссияларының мүшелерін электоралды оқытуға арналған 5 мыңнан астам шара өткізілген. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен шетелдік бақылаушыларды акредиттеу аяқталды.

Теги: сайлау