Бүгін Қарасу шағын ауданында 95 жасқа толған ата дауыс берді. Нөмірі 18-ші сайлау бөлімшесіне келген ақсақал туған күнімен тұспа тұс келген атаулы күнде өз таңдауын жасап, жұртты таң қалдырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл осы сайлау бөлімшесіне келген жасы ең үлкен адам болғандықтан байқаушылар үстіне шапан жауып құрмет көрсетті.
«Құрметті ағайындар! Бұл сайлау – бір кісінің сайлауы емес, бүкіл қазақ мемлекетінің сайлауы. Бұл сайлауға бәріміз ортақпыз. Сайлау бізге дұрыс жол көрсетеді», – деді қала тұрғыны Рыспек Бүтінбаев.
Жетісу ауданында да үлкен жастағы қариялар дауыс беруде белсенділік танытты. Күлтай Сәдуақасова есімді 100 жастағы әжей сайлау жәшігіне өз қолымен дауыс парағын салды. Одан бөлек пандемия кезінде қарияларға ыңғайлы болу үшін учаскелік комиссия өкілдері үйлеріне барып, сайлауға қатысуға мүмкіндік жасады.