Алматылық тұрғындар арасынан сайлау учаскесіне жеке куәлігін емес, қоғамдық көлікке арналған оңай картасы арқылы дауыс бермек болғандар да кездескен. Осы сағатқа дейінгі ақпараттармен бөліскен «Таза сайлау» тәуелсіз байқаушылары бұдан да өзге қандай заңбұзушулықты анықтады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады.
Бұл оқиға қаладағы №173 сайлау учаскесінде болды. Видеода бейтаныс жігіт учаске төрағасы кіргізбегенін айтып әлеуметтік желіге жариялаған еді. Тәуелсіз сарапшылар сол мекен жайға бірден жетіп, мән-жайды анықтаған. Белгілі болғандай, ол өзін алдымен сайлаушымын деп таныстырған, кейіннен байқаушы екенін айтып ішке кірмек болыпты. Тәуелсіз сарапшының айтуынша, ол адамның бұқаралық ақпарат құралдары өкілінен екені анықталды. Оған қарамастан, қолында редакциясының бекітілген тапсырмасы туралы рұқсат қағазы да болмапты.
«Қай мекен жайда тұрасыз деп тексеру керек қой, өздеріңіз білесіздер, сөйтсе онда мен дауыс беруші емес, бақылаушы боламын деген. Онда құжаттарыңызды көрсетіңіз, десе, құжаттарын көрсете алмады. Кейіннен сайлау учаске төрағасы әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, жағдайды түсіндірді», – деді «TAZA SAILAU» азаматтық бақылау ұйымының сарапшысы Ерқанат Көпжасарұлы.
Одан бөлек, Тараз қаласындағы №23-сайлау учаскесінде ер азамат өзінің таңдауын жасағаннан кейін, қайта келіп әйелі үшін дауыс бермекші болған. Қазір бұл жағдайдың үстінен мамандар хаттама толтырып, іс прокуратураға жіберілген. Осыған қатысты, сайлау жәшігіне бір адамның бірнеше бюллетень тастағаны туралы хабарламалар тарады. Сарапшылар бұл жағдайға қатысты да түсініктеме берді.
«Кейбір жерде 4 бюллетень береді. Кейбір жерде 3 бюллетень береді. Мысалы, Алматыда 2 бюллетень береді. Сондықтан соны көріп, ойбай деп айқайлап жатыр. Неге десеңіз: 1 бюллетень - Парламентке, 2- обл мәслихатқа, 3-қалалық мәслихатқа, 4-аудандық мәслихатқа», – деді «TAZA SAILAU» азаматтық бақылау ұйымының сарапшысы Бигелді Ғабдуллин.
Айта кетейік, бүгінгі саяси доданың әділ өтуін қадағалайтын «Таза сайлау» ұйымы атынан 4 мыңдай байқаушы еліміздегі 10-мыңнан астам учаскенің 3138-інде жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында жазушы, қоғам белсендісі, журналистер, саясаттанушылар бар.
Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы