Алматылықтар сайлау учаскелеріне 2ГИС және Yandex Maps картасы қосымшаларының көмегімен бара алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дауыс беру орындары картада белгіленеді, бұны Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясында ескерген. Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова ӨКҚ брифингінде кезектен тыс президенттік сайлау алдындағы мегаполистегі ағымдағы жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Оның ақпараты бойынша, Алматыда 4 қарашадан бері 531 сайлау учаскесі ашылған.
«Сайлау учаскелерінің мекен-жайлары көрсетілген толық тізімі «Вечерний Алматы» және «Алматы ақшамы» газеттерінің баспа нұсқаларында, олардың сайттарында, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің сайтында жарияланған», - деді Ж.Асанова.
Сонымен қатар, Алматыда өз сайлау учаскесін тексеру үшін «1315» бірыңғай нөмір құрылды. Барлық ұялы байланыс операторларының абоненттері үшін қоңырау шалу тегін. Call-орталықтың жұмыс уақыты – демалыс күндерін қосқанда күн сайын 8.00-ден 20.00-ге дейін.
Алматы қаласы әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдау сайтында және білім басқармасының мемлекеттік қызметтер порталында сайлаушылар тізімдерінен өзіңізді тексеруге мүмкіндік беретін сервис қолжетімді.
«Біздің сайлаушылар тізімдері тұрақты тіркеу қағидасы бойынша жасалған. Әкімдіктер сайлаушылар тізімін тапсырған кезде біздің Алматы қаласында сайлаушылар саны 1 миллион 170 мыңнан асты. Сайлау учаскелеріне барлығы 11 мыңнан астам есептен шығару куәліктері тапсырылды», - деді Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова.
Ол есептен шығару куәлігі не үшін керектігін түсіндірді.
«Шартты түрде мен Алматыда тіркелгем, дауыс беру күні Таразда болуды жоспарлап отырмын. Мұндай жағдайда мен өз құқығымды пайдалану үшін өз учаскеме барып, дауыс беру құқығын пайдалану үшін есептен шығару талонын алуым керек», - деп түсіндірді Ж.Асанова.
Бүгінде барлық сайлау учаскелері сайлау жәшіктерімен, мемлекеттік рәміздермен жабдықталған. Барлық учаскелік комиссиялар кандидаттар туралы ақпараттық материалдармен, сондай-ақ сайлаушыларды қызықтыратын әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген. Бұл ретте кандидаттар туралы ақпараттық материалдарды үгіт материалдарымен шатастырмау керек. Өйткені олар өздері жасайды. Барлық сайлау учаскелерінде барлық ақпарат бірыңғай форматта.
«Қазіргі таңда сайлау учаскелерінің мекенжайларын танымал 2GIS, Yandex Maps қосымшаларына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс аяқталуға жақын. Сайлау күні жақындаған кезде кез келген сайлаушы өз сайлау учаскесінің геолокациясын таба алады», - деді Ж.Асанова.
Зағип сайлаушылар үшін арнайы трафареттердің дайындалатынын айтты. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған бұрыштар жабдықталады: бейнероликтер, ақпараттық материалдары бар аудио роликтер және мүгедектер арбасына кіруге арналған кеңейтілген орындар.
Дереккөз: ӨКҚ.