Ол – ел басқарудан үмітті Жигули Дайрабаев
ОСК Президенттікке үшінші кандидатты тіркеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол – ел басқарудан үмітті Жигули Дайрабаев. Ол ұсынған құжаттар сайлау заңнамасының талаптарына сай болып шықты. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, барлық құжаттар сайлау заңнамасының 59-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімде алынған. Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары бойынша, елдің 20 өңірінен кандидатты қолдап 125 мың 81 азамат қол жинаған. Еске сала кетсек, Жигули Дайрабаев «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан сайлауға түскелі отыр.
«Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты тіркеуге қажетті барлық рәсім сақталды. Орталық сайлау комиссиясы Жигули Дайрабаевты үміткер ретінде бекітті. Сондай-ақ Жигули Дайрабаев кандидат ретінде тіркелуге кедергі болатын ауруларының жоқтығы туралы анықтамасын табыс етті. Өкілетті тұлғалар кандидатты қолдап, қол жинады», – деді ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.