Ерболат Досаев ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық барысы туралы хабардар етті
Алматы әкімі Ерболат Досаев ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі халықаралық миссиясының басшысы Уршула Гацекпен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесуге сондай-ақ ұзақ мерзімді бақылаушылар – Франциядан келген Мольер Сильван мен Черногориядан келген Майя Бьелич қатысты.
Қала әкімі Ерболат Досаев ЕҚЫҰ тарапынан көрсетілген консультативтік қолдауға алғысын білдірді және Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық барысы туралы хабардар етті.
Бүгінде Алматыда 600 сайлау учаскесі ұйымдастырылды, сайлаушылар тізімі қалыптастырылды, ақпараттандыру арналары іске қосылды, олар: бірыңғай нөмірі «1315» call-орталығы, әкімдіктің Open Almaty қоғамдық қабылдау сайтындағы сервис және Telegram Bot (@almaty_sailau2022_bot).
Өз кезегінде Уршула Гацек миссияның жұмыс сапарлары туралы ақпаратпен бөлісті. Бүгінде бақылаушылар мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесулер өткізуде. Сайлау күні миссия мүшелері сайлау учаскелерінің ашылуын, дауыс беруді, бюллетеньдерді санауды және қорытындыларды бақылайды.
ЕҚЫҰ өкілдерінің ақпараты бойынша, Қазақстандағы миссия негізгі командадан тұрады, оның құрамына Астанада орналасқан 11 халықаралық сарапшы және бүкіл ел бойынша 30 ұзақ мерзімді бақылаушы енген.