Үміткерлер де сайлаудан тыс қалмады

tengrinews.kz
tengrinews.kz
6 кандидат өз учаскелеріне барып, дауыс берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тарихи маңызды күні саяси аламанға түскен кандидаттар сайлаудан тыс қалмады. Тәуелсіз ел тізгінін ұстаудан үмітті 6 кандидат өз учаскесіне барып, дауыс берді. Олардың барлығы дерлік түске дейін таңдау жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президенттікке үміткер Қарақат Әбден елордадағы №135 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Кандидат ата-анасымен бірге дауыс беру мекемесіне таңғы сағат 8:20-да барды. 

"Өздеріңіз білесіздер, мен осы сайлау науқанын өзімнің ата-анамның батасымен бастаған едім. Бүгін де үйдің үлкендерін сайлауға ертіп келдім", - деді ҚР президентігіне үміткер Қарақат Әбден.

Ел тізгінін ұстаудан үмітті Нұрлан Әуесбаев сайлауда таңдауын жасады. Ол Астана қаласы маңындағы Көктал шағынауданында орналасқан №198 сайлау учаскесінде дауыс берді. 

"Бүгін міне өзімнің азаматтық парызымды өтеу үшін сайлау учаскесіне келіп дауыс бердім. Мен оған өте қуаныштымын", - деді кандидат.

Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев та сайлауда дауыс берді. Ол Астанадағы №396-сайлау учаскесіне әйелі мен немерелерін ерте келіп, таңдау жасады. Жигули Дайрабаев өз учаскесінде бірінші болып дауыс бергендіктен, оған кітап сыйға тартылды. 

"Менің Отаным, әр азаматтың тұрмысының жақсаруы, халықтың бай-қуатты өмір сүруі, бейбіт өмірде әлемдік қауымдастықта өзінің жоғары деңгейде орын табуы үшін таңдау жасадым", - деді ол.

Президенттікке кандадат Мейрам Қажыкен Астанадағы №113 сайлау учаскесінде дауыс берді. Саяси науқанға қызы мен әйелі де барыпты. Өз кезегінде ол барша отандастарымызды белсенділік танытуға, азаматтық борышын өтеуге шақырды.

"Халық өзгерісті күтіп отыр. Жаңа президент кім болса да, кешікпей тез арада өзгерістерді бастау керек", - деп пікірін айтты ол.

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев бас қаладағы Оқушылар сарайында орналасқан №58 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. 

"Биыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Бірақ, халқымыз жұмылып, қиындықтарды еңсерді. Енді алдымызда тұрған өте ауқымды міндет-мақсат бар", - деді ол.

"Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға түскен Салтанат Тұрсынбекова да дауыс берді. Үміткер Түркістан көшесінде орналасқан №107 учаскеге өзінің сайлау штабының қызметкерлерімен келіп дауыс берді.

"Ертеңгі күні жақсы нәтижемен шығамын ба, шықпаймын ба осы сайлаудың нәтижесі көрсетеді", - деді кандидат.

Кезектен тыс Президент сайлауына шет мемлекеттен 641 байқаушы шақыртылған. Олардың сөзінше, сайлау учаскелері талапқа сай жұмыс істеп жатыр. Саяси науқан кезінде ешқандай заң бұзылмады. 

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, "Алматы" телеарнасы.

Новости партнеров