Републиканың кез келген азаматы өтініш бере алады
Алматының тәуелсіз бақылаушылар мектебі кезектен тыс Президент сайлауына 3 мыңға жуық адамды даярламақ. Олар сайлау күні дауыс беру учаскелеріндегі әділдік пен тәртіпті қадағалайтын болады. Бұл туралы Тәуелсіз бақылаушылар қоғамдық орталығының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиынға тәуелсіз бақылау орталығы Алматы қалалық филиалының төрағасы Александр Братенков, Бақылаушылар мектебінің оқытушылары – Бекнұр Кисиков, Каиржан Абдыхалыков, Қарлығаш Усеинова қатысты.
А. Братенков сайлау барысында дайындығы бар бақылаушылар қызметінің қаншалықты маңызды екенін айтып өтті:
"Сайлау қаншалықты әділ әрі ашық өтсе, халықтың жаңа Президентке деген сенімі де соншалықты жоғары болады. Ал халықтың қолдауы бар кезде Мемлекет басшысы өз міндеттерін алаңсыз орындай алады. Сондықтан алдағы кезектен тыс өтетін Президент сайлауы барынша әділетті өтуі үшін бақылаушылар жұмыс істейді. Олар заңға сәйкес сайлау барысына қатысып, ешқандай құқықбұзушылықтың орын алмауын қадағалайды. Өз азаматтық белсенділіктерін ерікті түрде танытады. Бақылаушылар өз міндеттерін барынша тиімді атқаруы үшін Алматыда екі жылдан астам уақыт Бақылаушылар мектебі жұмыс істеп келеді. Оның мақсаты – бақылаушы болам деген адамдардың біліктілігін арттыру", – деді Алматы қалалық филиалының төрағасы Александр Братенков.
Сондай-ақ ол шаһарымызда сайлаушылардың қаншалықты белсенді боларына болжам жасады:
"Соңғы деректерге сүйенсек, Алматыда 1 миллион 200 мыңға жуық сайлаушы бар. Алайда, мегаполистегі саяси белсенділік тым жоғары деп айта алмаймыз. Сондықтан барлық сайлаушылардың 30–35 пайызы өз дауыстарын береді деп күтеміз. Жалпы қалада 600 сайлау орталығы бар, оның 531-і – ашық мекемелер. Осы ашық мекемелерде тәуелсіз бақылаушылар болады. Қазір өз өкілдерін бақылаушы ретінде дайындау үшін «Жастар үні», «Қоғамдық пікір» сынды қоғамдық бірлестіктер бізбен байланыс орнатуда. Жалпы, сайлау басталғанша 3 мыңға жуық адамды дайындаймыз деп ойлаймын", – деді ол.
Бақылаушылар мектебінің оқытушысы Қарлығаш Усеинова бақылаушылар дайындау барысы қалай өтетінін айтты:
"Біз мұндай дайындықты бірінші жыл өткізіп жатқан жоқпыз. Болашақ тәуелсіз бақылаушыларды көптеп дайындау арқылы жалпы қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырғымыз келеді. Негізінен, әр бақылаушы сайлау туралы заңнаманы, бақылаушыларға қатысты баптарды білуі және оны шынайы өмірде пайдалана алуы керек. Біз осы мектепте бақылаушыларды барынша дайындауға тырысамыз. Мұнда бұрын тәуелсіз бақылаушы болған адамдар да, мүлде сайлауға қатысып көрмеген адамдар да келіп, біліктілігін арттыра алады", – деді Қарлығаш Усеинова.