Қазақстандықтардың сенімін ақтау – Президентке артылған алғашқы міндет

21.11.2022 23:30

«Үгіт-насихатта өз бағдарламаларын ұсынған өзге үміткерлердің де бастамасы жалғасын табуы тиіс» дейді мамандар

Алдағы 7 жылдықты айқындаған қазақстандықтардың сенімін ақтау – Президентке артылған алғашқы міндет». Бұл – күні кеше қорытындысы шыққан сайлауды талқыға салған сарапшылар пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алдын ала нәтиже бойынша айқын басымдықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевқа халық сенім мандатын берді. Бұл – ел азаматтарының прогрессивті реформа төңірегінде бірігуге деген ниетін білдіреді. «Ендігіде әлеуметтік әділдік пен бірегейлік принципі сақталуы тиіс» деген саясаттанушылар әлі де азаматтардың саяси мәдениетін дамыту кергін айтады.

«Президентке дауыс беру арқылы алдағы 7 жылдыққа таңдау жасадық. Сайлаудың нәтижесі қазақстандықтардың әділ мемлекет құруға деген ерік-жігерін көрсетті. Ендігіде, мемлекет басшысының алдында сенімді ақтау міндеті тұр», – деді философия ғылымдарының докторы Рүстем Қадыржанов.

«7 жылда әр жыл сайын не істелді, қандай атқарылмаған іс-шара бар, оған кім кінәлі? Осы сұрақтарға жауап айтылып, халықпен қарым-қатынасыдұрыс болса бәрі дұрыс болады деп ойлаймын», – деді «Саяси зерттеулер қауымдастығы» РҚБ президенті Есенжол Әлияров.  

«Үгіт-насихатта өз бағдарламаларын ұсынған өзге үміткерлердің де бастамасы жалғасын табуы тиіс» дейді мамандар. Себебі, әр кандидат перспективалы жоспар құрып, сайлаушылармен байланыс орнатты. Ендігіде олардың саяси амбициясы қаншалықты жүзеге асатынын алдағы Парламент сайлауы көрсетеді. Ал көптің таңдауымен жеңіске жеткен кандидат үшін сайлауалды уәдені жүзеге асыру - әуелгі міндет.

«Президентіміз халықтан екі рет сенім мандатын алды. Маусым айында өткен референдумда бірінші мандат, қараша айында өткен Президент сайлауында екінші мандат алып,  халықтың сеніміне ие болып отыр. Менің ойымша, Президенттің алдында көп мәселе тұр», – деді тәуелсіз зерттеуші Дәурен Әбен.

Бұл жолғы сайлауда «бәріне қарсымын» бағаны болды. Өз кезегінде бұл шешім де билік пен халық арасындағы келіспеушілікті көрсете алды. Әрі демократиялық һәм конституциялық таңдау құқығы болып есептелді.

«Олардың өзінің құқығы ғой. «Менің көңілімнен шыққан жоқ» деген сөз. Бұл –  саяси жаңалық. Ол адамның өзі ұнатпауы мүмкін», – деді  деді «Саяси зерттеулер қауымдастығы» РҚБ президенті Есенжол Әлияров.  

Азаматтардың белсенділік деңгейін анықтаған Президент сайлауы елдегі саяси жаңғыру бағдарламасын бағалауға мүмкіндік берді. Ел тарихының жаңа парағын ашқан науқан ендігіде Парламенттік сайлауға ұласады.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Теги: сайлау