7 жылдық дәуір – ел үшін де, жаңа Президент үшін де жауапты болмақ

22.11.2022 00:23
Almaty.tv

«7 жылдық дәуір – ел үшін де, жаңа Президент үшін де өте жауапты жылдар болмақ». Осылай деген зиялы қауым өкілдері кешегі өткен саяси науқан туралы түйген ой-пікірлерін бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайраткерлер сайлау арқылы халық елдің болашағына батыл сенім артып қана қоймай, қоғамның саяси мәдениетінің жандана түскенін де баса айтты.

Белгілі жазушы Дулат Исабеков сайлауда халық дұрыс жолды таңдап, ел жаңа дәуірге қадам басқанын атап өтті. Науқан нәтижесі қоғамның әділ Қазақстанды құруға ынталы екенін көрсетті. Жаңа Президент енді нақты өзгерістерге барып, әсіресе жаңа идеяларды жүзеге асыратын жаңа кадрларды жасақтайтынынап сенеді.

«Жаңа Қазақстан, еститін Үкімет, халықпен бірге болады деп жатырмыз. Соның бәрін жүзеге асыруы керек деп ойлаймын. Ел жаңа Президенттен соны күтеді. Ол үміт ақталмаса, ел алданғанын түсінеді», – деді Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков.

Ал ұлағатты ұстаз Аягүл Миразова Ата заңға енген жаңалықтар мен саяси реформаларға қол жеткізу үшін осындай сайлау керегін айтты. Сондай-ақ кандидаттардың мүмкіндігі мол болғанын атап өтті.

«Кандидаттарға  өзіміздің азаматтар ғой. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалды. Барлығы еліміздің барлық аймағында болып, өз алдарына қойған мақсатын, жоспарын таныстырды. Елмен сұхбаттасып, өздеріне қажетті дәрежеге жете алды», – деді Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова

Белгілі қайраткер Байғали Есенәлиев өзгерісті қатты қажет етіп тұрған білім, денсаулық және мәдениет саласы деп санайды. Сондықтан халықтың сеніміне қол жеткізген Мемлекет басшысының алдында жауапты міндет тұр деп есептейді. Әрі бұл саяси додадағы «бәріне қарсымын» бағанының қосылуы қоғамның наразылық көңіл-күйін өлшеуге мүмкіндік бергенін айтты.

«Сайлауда маған ұнағаны «Бәріне қарсымын» деген баған болды. Оның өзі де – демократиялық өзгерістің қоғамымыздағы көрінісі. Біздің 30 жылда жіберген кемшілігімізді түзеу үшін сол 30 жыл бойы билік иесінің жанында болған адамның қазіргі уақытта тізгін ұстауы өте маңызды», – деді актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Байғали Есенәлиев.

Иә, жаңа Президент алдында тұрған міндет аз емес. Зиялы қауым өкілдері Президент те, халық та жақсылықтан үмітті.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Теги: сайлау