Сайлау -2022: Үміткерлер елдің мұң-мұқтажын тыңдап, бағдарламасымен таныстырды

Amaty.tv
Amaty.tv
Саяси науқанның өтуіне 6 күн қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Саяси науқанның өтуіне 6 күн қалды. Ал Президенттікке кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын үдетіп жатыр. Үміткерлер штаб мүшелерімен бірге елдің мұң-мұқтажын тыңдап, бағдарламасымен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елордада жастар кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын талқылады. «BIR TOLQYNDA» атты диалог алаңында өткен жиында жас буынның әлеуметтік, экономикалық жағдайына мән берілуі керегі айтылды.

«Алдағы 20 қараша күні болатын сайлауда Қазақстанда ең басты күш – белсенді жастар. 20 қарашада Қазақстанның белсенділері атсалысады деген ойдамын», – деді Халықтық коалиция белсендісі Мағжан Сұлтанов.

Мейрам Қажыкен Теміртаудағы кәсіподақ өкілдері, құрылыс және күзет компаниясының қызметкерлерімен кездесті. Өз бағдарламасын таныстырып, жалақы, экология және жұмысшылардың құқығын қорғау мәселелерін тыңдады.

«Қазақстанда еңбекақы төлеу жүйесі, ең төменгі еңбекақыны есептеу жүйесі жоқ. Үкімет халық ақшасын тиімсіз жұмсамауы үшін кәсіподақтар есептеп, тиісті әдістемені беруге дайын», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен.

Ал үміткер Қарақат Әбден Шымкент кәсіпкерлерімен жүздесіп, оларға сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Жиында ұлттық тағамдарды брендке айналдыру, шағын бизнесті дамыту жайы қаралды. 

«Шағын және орта бизнесті қолдауымыз керек. Ұлттық тағамдарды брендке шығаратын кәсіпкерлерді қолдасақ, туризм саласы да дамып, үлкен деңгейге жететін еді», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден.

Жигули Дайрабаев пен оның партияластары 3 аптада атқарылған шаруаларды қорытындылады. Өңірлік штабтар үгіт-насихат бойынша 2500 іс-шара дайындаса, бүгінде соның 70 пайызы орындалыпты.

«Өте көп жас өз еркімен келіп, көмектесейік, қандай жұмыс жасайық деп, біздің кандидатпен, сенімді өкілдерімен өтетін кездесулерге қатысып, сұрақтарын қойып, осы туралы айта кетуім керек», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Ж. Дайрабаевты қолдау республикалық қоғамдық штабының басшысы Төлеутай Рақымбеков.

Ал Батыс Қазақстан облысына барған Нұрлан Әуесбаев Теректі ауылының жұртымен кездесті. Тұрғындар жол сапасы мен ауыз су мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келе жатқанын жеткізді.

«Сайлауалды бағдарламамды толығымен халыққа түсіндірдім. Содан кейін соңынан әр түрлі сұрақтар болды. Жалпы аймақтарда біздің партияның 20 филиалы бар. Былайша айтқанда барлығы да өзінің белсенді, жан-жақты жұмыс істеп жатыр», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.

Салтанат Тұрсынбекова Ақтаудағы «Аналар» үйіне барып, орталықтың көмегіне жүгінген әйелдермен тілдесті. Үміткердің сөзінше, елімізде алимент қарыздары көбейген. Былтыр 150-ден аса адам бас бостандығынан айырылыпты.

«Сонымен қатар алимент төлемейтін адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған кезде ол аздаған соманы, айталық, бес мың теңгені төлеп, жауапкершіліктен жалтарып кетуі жиі кездеседі», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.

Кезектен тыс Президент сайлауы 20-қарашада өтеді. Сайлау учаскелері таңғы 7-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. 50 пайыздан астам дауыс жинаған кандидат жеңімпаз болып есептеледі.

Назкен Еркін, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров