Мегаполисте ел үшін маңызды саяси науқанды 43 байқаушы қадағалады
Ел Президентін кезектен тыс сайлау әділ әрі ашық өтті. Алматыға арнайы келген халықаралық сарапшылар осылай дейді. Мегаполисте ел үшін маңызды саяси науқанды 43 байқаушы қадағалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаладағы сайлау учаскелерінің басым көпшілігінде олар комиссия мүшелігінде жұмыс істеді.
Ресейлік тәуелсіз сарапшылар Челябі облысынан арнайы келді. Саяси науқан кезінде олар Алматыдағы 7 сайлау учаскесіне барып, қадағалау жүргізген. Байқаушылар ел тарихындағы маңызды оқиға халықаралық талаптарға сай өткенін айтты. Қала тұрғындары тарапынан шағым түспеген.
«Біз ТМД миссиясы аясында бақылау жүргіздік. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы елдегі сайлау заңнамасына сәйкес өтті. Бұл елде халықаралық байқаушылардың жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Сайлау жоғары деңгейде ұымдастырылған», – деді Челябі облысы үкіметі ішкі саясат басқармасының бас маманы Александр Воробьев (РЕСЕЙ)
Ал түркиялық делегация мүшелері елімізге Қазақстан Үкіметінің шақыруымен 18 қараша күні алдын ала келіп алған. Тәуелсіз сарапшылар тек сайлау күні бақылау жасап қана қоймай, оған дейінгі дайындықты да тексеріп, баға берді. Арнайы миссиямен бауырлас елден 20 бақылаушы келген. Олардыі арасында 8 депутат болса, 12 дипломат бар. Түркиялық байқаушыларды сайлаушылардың отбасымен, егде жастағылардың немерелерімен бірге келгені таңқалдырыпты. Балаларды жастайынан саяси салмақты оқиғаға араластыру өте жақсы дәстүр деген ой айтты.
«Сайлауды бақылау кезінде кейбір учаскелерде ұлттық күйлер шырқалып, ондағылар қазақтың ою-өрнегі бар ұлттық нақыштағы киім кигені әсер етті. Тіпті, кейбірінде ұлттық ансамбль өнер көрсетіп жатты. Бұл тек сайлаушыларға емес, бізге де ұнады. Сондай-ақ учаскелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дауыс беруге қолайлы жағдай жасалған», – деді Түркия бас ұлттық ассамблеясының депутаты Реджеп Шекер
Алматылық «Қоғамдық пікір» қорының байқаушылары қаладағы 531 учаскеде жұмыс істеді. Штаб жетекшісі Рафаэль Гасановтың айтуынша, сайлау кезінде кей байқаушылардың өз міндетін ұмытып, учаске төрағаларының жұмысына кедергі келтірген жағдай болғанын айтты.
«Кейбір сайлау учаскелерінде түсініспеушіліктер болғаны жасырын емес. Байқаушылар ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған жағдай да болды. Мұндай кезде сайлау заңнамасының нормаларын түсіндіретін заңгердің болғаны жақсы болды. Жағдайды дер кезінде мамандармен реттеп отырдық», – деді «Қоғамдық пікір» бақылаушылар штабының жетекшісі Рафаэль Гасанов.
Саяси науқан кезінде заңгерлер де жұмыс істеді. Соның бірі – «Әділ сайлау үшін» бірлестігі ұйымы. Оның құрамында адвокат, нотариус қызметкері секілді 400-ге жуық түрлі мамандық иесі бар.
«Сайлау күні «Әділ сайлау үшін» штабына шағым түскен жоқ. Десе де кей сайлау учаскелерінде ескертулер айтылды. Мысалы, дауыс беру кабиналарының біріне ерлі-зайыптылар бірге кірген. Мәселені анықтау барысында жұбайының мүмкіндігі шектеулі екені белгілі болды. Оған сенімді тұлғаның көмегі қажет болыпты», – деді «Қазақстан заңгерлер одағы» қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Мақұлбаев.
Айта кетейік, Алматыда саяси науқанды 43 халықаралық байқаушы қадағалады. Жалпы ел Президентін кезектен тыс сайлауға республика бойынша 8 млн-нан астам азамат қатысып, өз таңдауын жасады. Бұл жалпы халық санының 69 пайызын құрайды.
Ұлағат Арғын, Рамазан Өмен «Алматы» телеарнасы