Ел Президенттігіне ұсынылған кандидаттар және олардың қолдаушы штабтары өңірлердегі үгіт-насихат жұмысын жалғастырып жатыр. Оған үміткерлердің жақтастарынан бөлек, еріктілер де жұмылған.
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаушы топ өңірлерді аралап, халықпен жүздесу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Үміткердің штаб өкілдері 8 күн ішінде сайлаушылардан 3460 ұсыныс пен тілек түскенін хабарлады. Айта кетсек, сол аралықта 689 кездесу ұйымдастырылып, 2 мыңнан аса адам қабылдауда болған.
«Азаматтар кандидаттан не қалайтынын, не күтетінін айтып, өз ұсыныстарымен келіп жатыр. Жаңа Қазақстанды құру ісіне қатысты көп адамның өзіндік ұсынысы, Президенттікке кандидаттан не күтетіндері туралы пайым-пікірі бар», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевтың республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Әлия Садырбаева.
Ал үміткер Мейрам Қажыкен елордадағы штабта болып, онлайн-конференция өткізді. Байланысқа қосылған өңірлердегі қоғамдық кеңсе мүшелері мен сенімді өкілдер сайлауалды атқарылған жұмыс туралы баяндап, алдағы іс-сапарлар жоспары талқыланды. Сондай-ақ елдегі жұмыс беруші мен жұмыс алушы арасында әлеуметтік әріптестік жайы сөз болды.
«Кәсіпкерлерді шақырамыз. Кәсіподақтар да болады. Сол жерде еңбек адамының құқығы, мүддесі сынды көтерілген мәселені нақты талқылаймыз. Бірақ былай қарағанда жұмыс берушінің де құқығы бар ғой. Екі жаққа да ыңғайлы келісім болу керек», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен.
Абай облысына барған кандидат Қарақат Әбден ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ата-баба рухына тағзым етті. Жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың бірқатар сұрағына жауап берді. Семейді қоғамдық көлікпен аралаған ол сайлауалды бағдарламасын да таныстырды.
«Аймақтық штабында жұмыс атқарып жатырмыз. Бүгінгі таңда штабта 3 маман арнайы жұмыс жасап жатыр. Сонымен қоса 15 волонтер бар. Қаламыздың орталық көшелерінде Шәкәрім даңғылына 2 билборд ілдік. Штабқа келіп-кеткен кісілермен жұмыс жасап, өңірлерді аралап жатырмыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Әбденнің аймақтық штаб өкілі Арнұр Нұрланұлы.
Кандидат Жигули Дайрабаев Ақтөбе облысындағы сапарын тары атасы Шығанақ Берсиев атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінен бастады. Ондағы оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті. Одан бөлек, Қарғалы ауданындағы көкөніс өнімдерін сақтау қоймасының жұмысымен танысып, сайлауалды үгіт-насихат бағдарламасын жұртшылық назарына ұсынды.
«Мен енді аудан әкімін көрген жоқпын, бірақ ризашылығымды білдіргім келеді. Басты мақсат – әрбір ауыл тұрғынын еңбекпен қамту. Жұмыс орнын ашу», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаев.
Президенттікке үміткер Нұрлан Әуесбаев пен қолдаушылары Астана маңындағы 30 мыңдай халқы бар Қоянды ауылының жұртымен кездесті. Кандидат тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын атап өтті. Айта кетсек, бұл үміткердің штабы үгіт-насихат жұмысы бойынша 50-ден аса іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
«Негізгі сұрақтар өте көп болды. Бүкіл өңірді қамтыдық, мүмкіндігінше бәріне жауап беруге тырыстық. Мен риза болғаным Қоянды халқы өте сауатты, жанжақты», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.
Әр сапарында дағдарыс орталығына кірмей кетпейтін кандидат Салтанат Тұрсынбекова бұл жолы Көкшетау қаласындағы 29 әйел мен 119 бала тұрып жатқан мекемеге барды. Отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған нәзік жандармен кездесіп, бірқатар сұрағына жауап берді. Одан бөлек, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
«Дағдарыс орталығына келіп тұрып, екі ойлы болып тұрасың. Бір жағынан, әрбір әйелдің тағдырын естіп, көрген кезде көзіңе жас келеді», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.
Үміткерлер және олардың жақтастары үгіт-насихат жұмыстарын «тыныштық» күнінедейін өткізеді. Оған дейін өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесу ұйымдастырып, сайлауалды бағдарламасын таныстыра береді,
Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы