Елімізде кезектен тыс президент сайлауына үгіт-насихат науқаны басталысымен тіркелген 6 кандидаттың сайлауалды штабы жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үміткерлер қалалар мен аудандарға шығып, сайлаушылармен кездесті. Олар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ұсынады.
Ел Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штаб еліміздің барлық өңірінде үгіт-насихат науқанын бастады. Штабқа 3 парламенттік саяси партиядан және 22 республикалық қоғамдық ұйымнан тұратын Халықтық коалицияның өкілдері кірді. Келесі аптадан бастап олар сайлаушылармен кездесу үшін аймақтарға барады.
«Бүгіннен бастап Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы өз жұмысын бастады. Сайлау заңына сәйкес сағат 18:00-ден бастап еліміздің барлық аймақтарында 7 мыңнан астам штаб мүшелері, сенімді өкілдеріміз коалиция мүшелері үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, плакаттарды заңмен белгіленген орындарға ілуді бастады», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Тоқаевты қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штаб өкілі Дәулет Кәрібек
Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкенді қолдаушы штаб та өз жұмысын бастады. Штаб жетекшісі Әбіл Кекілбаев үгіт-насихаттың 14 өңірде жүргізілетінін жеткізді. Айта кетсек, Мейрам Қажыкен «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық бірлестігі атынан тіркелген болатын.
«14 аймақта штаб ашылды. Бүгін Алматы, Шымкент, Павлодар басқа да қалада штабтар өзінің жұмысы туралы баяндап берді. Штаб ішінде тұрақты 20 шақты адам жұмысқа алынды», – деді ҚР Президенттігіне үміткер М. Қажекеннің штаб басшысы Әбіл Кекілбаев.
Ал Президенттікке кандидат Қарақат Әбден үгіт-насихат жұмыстары алдында үлкендерден бата алды. Бата – адал ниет, шынайы тілек білдіру дәстүрі, сәтті жұмыстың бастауы деген кандидат сайлауалды бағдаралмасын таныстыру мақсатында аймақтарды аралап, жұртшылықпен кездесуін бастайды.
«Үлкеннің ішінде әке-шешеге деген құрмет бөлек. Қазақ ешқашан үлкен істі үлкендердің қариялардың батасынсыз бастамаған. Үйге келіп, үлкендердің батасын алуды жөн көрдім», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден.
«Тиісті тапсырмалар беріліп және дайындық бойынша пысықтаулар өткізілді. Біздің 20 өңірде 20 штаб толықтай дайын жұмысқа», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Әбденнің орталық штаб басшысының орынбасары Берік Төребеков.
Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ұсынылған Жигули Дайрабаевтың та республикалық штабының жұмысы басталды. Штаб басшысының айтуынша, кандидатты қолдау штабы республикалық маңызы бар үш қаланы қоса алғанда, еліміздің барлық 20 өңірінде бар. Сондай-ақ, 164 ауданда және 37 облыстық деңгейдегі қалада 222 штаб ұйымдастырылған.
«Жалпы республикалық қоғамдық штабтың бірінші мақсаты – сайлау алды компаниясын заңға сәйкес өткізу. Біздің жобамыз бойынша 1000-нан астам іс-шара жоспарланып отыр. Әрине, жалғыз бір үміткер оның барлығын қамтамасыз ете алмайды. Бір айға жуық уақыттың ішінде ол кісінің бүкіл өңірге баруды жоспарлап отыр. Сенімді өкілдер де жұмыс істейді», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Ж. Дайрабаевтың республикалық қоғамдық штабының басшысы Төлеутай Рахымбеков.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Президенттікке ұсынылған кандидат Нұрлан Әуесбаевтың республикалық сайлауалды штабы үгіт-насихат науқанына дайын екенін хабарлады. Үміткерді қолдау мақсатында еліміздің барлық өңірінде 121 мыңнан астам қол жиналды. Оның ішінде 119 мыңнан астам қол есепке алынған.
«Президенттік сайлауға түсу науқаны арқылы мақсат – біздің партияның мүддесін, программасын толық халлыққа жеткізу. Бағдарламаны жілік жілікке шағып, айтамыз. Ол халыққа түсінікті болса, көтерген мәселені бәрін жүзеге асыру міндет. Сондықтан, сайлауалды науқанды өте тиімді пайдаланып, халыққа ойымызды толық жеткіземіз деп ойлаймыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбай.
Ал «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылған Салтанат Тұрсынбекованың штабы ақпараттық материалдарды дайындау жұмыстарының басталғанын айтты.
«Қызметкерлердің, заңда көрсетілгендей, қандай жұмыстарды өткізу керек болсақ, сол істі бастап кетті. Ешқандай кедергі жоқ. Бәрі жақсы көңіл күйде. Жұмысқа дайын. Жоспар бойынша мен барлық 20 өңірге барып қайтсам деген өзімнің ойым бар. Бірақ енді реалист болу керек», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.
Президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекованың штабы міндеттер бөлініп, үгіт-насихат процесіне дайындықтың қарқынды жүріп жатқанын хабарлады.
Оразай Нұртай, Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы