Сайлау -2022: Президенттікке ұсынылған кандиттардың үгіт-насихат жұмысы қызу жүріп жатыр

Сайлау -2022: Президенттікке ұсынылған кандиттардың үгіт-насихат жұмысы қызу жүріп жатыр
Сайлауда 12 миллионнан астам бюллетень жасалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президенттікке ұсынылған кандиттардың үгіт-насихат жұмыстары өңірлерде қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кандидат Тоқаевтың штабы Ұлытаудағы кездесуге 500-ге жуық адам қатысқанын хабарлады. Үміткердің жақтастары жергілікті халықпен Жезқазған қаласында жүздескен болатын. Қолдаушы топ, одан бөлек, облыстағы мыс балқыту, нан шығару сынды кәсіпорындарды аралап, үгіт-насихат жұмысын жүргізді.

«Ұлытау – ұлтты ұйыстырған қасиетті мекен. Коалиция болып  Ұлытауға келіп отырғанымыз да бірлікті көрсетеді. Егер біз бір болсақ сын-қатердің барлығын жеңеміз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевты қолдау республикалық қоғамдық штабының басшысы Ерлан Қошанов.

Үміткер Мейрам Қажыкеннің қолдаушы тобы да Ұлытаудағы үгіт-насихат жұмысын жалғастырып жатыр. Облыстық қоғамдық кеңседе 12 қызметкер мен 15 ерікті бар. Кандидаттың өңірдегі штабының өкілдері кездесулер алып компаниялар мен зауыттарда өткенін хабарлады.

«Біздің мақсатымыз, әрбір ұжымға барып, әрбір адамға жеткізіп,  үміткерлердің бағдарламамызды көрсетіп, түсіндіріп. Көп насихат жүргіземіз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер М. Қажыкеннің облыстағы штаб басшысы Берік Жағыпаров.

Кандидат Қарақат Әбден Алматы облысындағы үгіт-насихат жұмыстары кезінде Талғар қаласының тұрғындарымен, оның ішінде өңірдегі көпбалалы аналармен кездесті. Сондай-ақ отбасылық кәсіпкерлікпен айналысатын шаңырақтардың біріне барды. Одан бөлек, үміткер өз сапарында сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

«Экономикамызды жылжытатын нағыз үлкен дүние осы – отбасылық бизнес. Әр адам, әр отбасы тек мемлекеттен ғана күтіп отырмай, өзі әркет жасап, істеу керек. Балаларын сол еңбекке үйрету керек деп есептеймін», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден.

Үміткер Жигули Дайрабаев және оның қолдау штабы Ақтөбе облысына сапарында Хромтау ауданындағы май экстракциялау зауытына барды. Өндіріс ошағындағы жағдаймен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Кандидат агроөнеркәсіпті дамыту үшін қолға алынуға тиіс бастамаларға тоқталды.

«Жалақылары зауыт директорының айтуына қарағанда, 150 мың теңге алады екен. Тоқтаусыз жыл он екі ай жұмыс істеп жатыр. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған», – деді Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Ермек Абуов.

Кандидат Нұрлан Әуесбаев Астанадағы үгіт-насихат жұмыстары кезінде елордалық құрылысшылармен жолықты. Партиясы туралы мәлімет беріп, сайлауалды бағдарламасын жұртқа таныстырды. Кездесу барысында жұмысшылар үміткерге сұрақтарын қойып, мәселесін айтты.

«Қарапайым әр саланың, әр компанияның жұмысшылары келіп, мәселесін айтты. Шынында да, өте тартысты, тартымды өтті. Ашық пікірталас болды. Ендігі жоспар оңтүстікке қарай жүреміз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.

Үміткер Салтанат Тұрсынбекова Шымкентке сапарында тігін фабрикасын аралады. Айта кетсек, бүгінде цехте 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Еңбек ұжымымен жүздескен кандидат сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

«Қазақстандық бренд деп атасақ та болады. Өйткені таң атқаннан кеш батқанға дейін бар өнерін салып шебер әйелдер іс тігіп отыр. Бұл жерде пандемияға, дағдарыстарға қарамастан фабрика жұмыс істейді», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауында қолдану үшін 12 миллионнан астам бюллетень жасалатынын мәлімдеді. Заң талаптарына сәйкес, оны сақтау ғимараты толықтай мөрленіп, ішкі істер органдары күзетіне тапсырылады.

Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров