Ұлт болып ұйысу да аса маңызды – қоғам қайраткерлері

08.10.2022 02:35

Елде іске асқан ауқымды реформалар халықтың әлеуметтік, тұрмыстық әлеуетін көтеру үшін жасалған қадам болса, сайлау – соны қорытындылайтын саяси нәтиже. Зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері кезектен тыс өтетін Президент сайлауына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл уақыт талабы дейді көпшілік. Осы ретте ұлт болып ұйысу да аса маңызды. Туған елге деген жанашырлық – әр азаматқа тән қасиет болуы тиіс деген ой айтылды.  

«Абайдың сөзі бар: «Малыңды жауға, басыңды дауға қор қылма, қолда, татулас», дейді. Біз сайлауға келе жатырмыз қазір. Сол сайлауда Абайдың насихаты, бізге беріп отырған ақыл кеңесіне жүгінетін болсақ, ішкі бірлік қазіргі таңда ауадай қажет бізге», – деді ақын, Мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.

Ал қоғам қайраткері Бекнұр Сейітжанұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға партия атынан емес, бірнеше қоғамдық ұйым бірлескен халықтық коалиция атынан түседі. Бұл әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар әдіс дейді.

«Президенттік үміткерлерді негізі коалиция қолдау керек, тек партия емес. Біз партияны қолдап жатқан жоқпыз, біз бәріміз бір партияның мүшесі емеспіз. Коалиция деген ол сіз, мен, басқа да адамдар. Осы әдіс арқылы үміткер Президент болу керек деп ойлаймын», – деді Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр Қисықов.