Қазақстандағы Парламент сайлауын шетелден келген 800-ге жуық маман бақылайды
Қазақстандағы Парламент сайлауын шетелден келген 800-ге жуық маман бақылайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
600-ге жуық адам 12 халықаралық ұйымның өкілдері болса, 130 байқаушы өзге мемлекеттен келгендер екен.
Шетелден келген байқаушыларды Қазақстандағы Парламент сайлауының жаңа формада өтіп жатқаны қуантады екен. Келген кісілер кандидаттардың көптігіне назар аударып, халықтың белсенділігіне риза болып жатыр. Мәселен, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы бақылаушылар миссиясының жетекшісі Режеп Шекер партиялардың тізімінде міндетті түрде 30 пайыз әйелдер мен жастар, мүмкіндігі шектеулі жандардың болуы сияқты жаңашылдықтар қуантады дейді.
«Тағы бір бізге ерекше ұнаған жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан тағайындалатын депутаттар Сенатқа өткендіктен, енді Мәжіліс құрамы 100 пайыз халық таңдаған депутаттардан тұратын болды. Тәуелсіз түрде өз-өзін ұсынған 435 үміткердің тіркелуі де Қазақстан халқының сайлауға белсенділік танытып жатқанын байқатады. Сайлау нәтижелері Қазақстан халқының шын пікірін көрсететіні сөзсіз», – дейді Түркі мемлекеті Парламенттік Ассамблеясы бақылаушылар миссиясының жетекшісі Реджеп Шекер.
Шанхай ынтымақтастық ұйымынан 18 байқаушы келген екен. Оның 11-і осы ұйымға мүше мемлекеттердің өкілі болса, қалған 7 адам аталған ұйымның мүшелері. Шетелдік байқаушылар өздеріне артылған жауапкершіліктің жоғары екенін сезінеміз дейді. Олар Орталық сайлау комиссиясының саяси күнге дайындығын жоғары бағалайды. Айтуларынша, біздің болашақ депутаттық корпустың жас ерекшелігі таңқалдырған.
«Бүгінгі Парламенттік сайлау Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған жаңа ережелер бойынша өтіп жатыр. Бізді таңқалдырғаны – осы жолғы саяси науқанға түсіп жатқан кандидаттардың жас ерекшелігі. Үміткерлердің орташа жасы 46-дан төмен. Осы арқылы депутаттық корпусқа жастар келеді деген сөз. Бұл Қазақстанның дамуына серпін беріп, креативті идеялар алып келетініне сенімдімін», – деді Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары Григорий Логвинов.
Ал Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан келген байқаушылар Орталық сайлау комиссиясы кандидаттар мен дауыс беруші азаматтарға барлық жағдай жасаған дейді. Халықаралық байқаушы Александр Маркевич депутаттық сайлауға тек үміткерлердің ғана емес, қарапайым тұрғындардың да қызығушылығы жоғары екенін айтады.
«Біз сайлауда Парламенттің төменгі палатасының құрылуы аралас жүйе бойынша жүріп жатқанын көрдік. Сандар берілген кезде, мажоритарлы жүйемен кандидат ретінде тіркелгендерді көріп таңқалдық. Бұл – қарапайым азаматтардың саяси науқанға деген қызығушылығының жоғары екенін білдіреді», – деді ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы тұрақты комиссиясының төрағасы Александр Маркевич.
Ал Тәуелсіз Мемелекеттер Достастығы байқаушылары миссиясы елімізде өтіп жатқан Мәжіліс және мәслихат сайлауы алдындағы үгіт-насихат жұмыстары барысында кемшіліктерді анықтамапты. Аталған миссияның басшысы Леонид Анфимов Қазақстанның ішкі ісіне араласпаймыз, тек бақылаймыз дейді. Қысқасы тырнақ астынан кір іздеуге ешкім ниетті емес екенін жеткізді байқаушы.
«Біздің миссия Орталық сайлау комиссиясының жұмысынан «тырнақ астынан кір» немесе қандай да бір болмашы кемшіліктерді іздемейді. Бүгінге дейін үгіт-насихат науқанын өткізу, депутаттыққа кандидаттарды ұсыну барысындағы заң бұзушылықтар, сайлау алдындағы күрестегі әділетсіздіктер жайында бірде-бір кемшілік таппадық, ондай ақпарат та жоқ. Кезектен тыс депутаттар сайлауына өз кандидатурасын ұсынған азаматтардың барлығы лайықты», – деді ТМД байқаушылар миссиясы бас хатшысының орынбасары Леонид Анфимов.
Орталық сайлау комиссиясының ақпарына сай, сайлау барысын шетелден келген 800-ге жуық маман бақылайды. Оның 600-ге тарта адамы 12 халықаралық ұйымның өкілдері. 130 байқаушы өзге мемлекеттен келгендер.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы