Алғашқылардың бірі болып таңғы сағат 7-де №48 мектеп-лицейінде орналасқан №388 сайлау учаскесіне Алматы әкімі Ерболат Досаев жұбайымен бірге келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бүгін өтіп жатқан сайлау Қазақстан өміріндегі маңызды оқиға болып табылады және Мемлекет басшысы өткен жылдың наурыз айында жариялаған саяси реформалардың соңғы кезеңін білдіреді. Қала бойынша Мәжіліс пен маслихаттың сайланған депутаттары алдында жаңа міндеттер туындайды және олардың жұмысы Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі бастамаларды қолдауға бағытталуы тиіс. Қазақстан мен біздің сүйікті Алматының тағдырына шын жүректен алаңдайтын алматылықтар бей-жай қарамайтынына және және жарқын болашаққа дауыс беретініне сенімдімін», – деді Ерболат Досаев.