Саяси науқанға алғаш рет қатысқалы отырған 3 жарым мыңнан астам жастар бар
Елдің батысында сайлау учаскелері өзге аймаққа қарағанда бір сағат кейін ашылды. Таңғы сағат 7:00-ден бастап Ақтөбе облысының өзінде 525 дауыс беру орындары жұмыс істеп тұр. Онда 560 мың тұрғын өз таңдауын жасайды деп күтілуде. Саяси науқанға алғаш рет қатысқалы отырған 3 жарым мыңнан астам жастар бар, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сайлау учаскелерінде таңсәріден қарбалас. Маңызды саяси науқанға дауыс беруге келгендер көп. Мәселен екі мәрте Кеңес одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының 300-ден астам курсанты келді. Басым бөлігі сайлауда алғаш рет таңдау жасаған бірінші курс жастары. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар да дауыс берді.
«Мен Мәжіліс партия сайлауына алғаш рет қатысуым. Дауыс бергеніме шын жүректен қуаныштымын», – деді 30/238 әскери бөлімінің сарбазы Тұрар Амангелді.
Ақтөбелік 616 үміткердің көбі өзін-өзі ұсынған. 11 кандидаттың Мәжілістен үміті бар. Ал облыстық мәслихатқа 123, қалалыққа 128 адам үміткер. Облыс әкімі де таңмен таласа өз сайлау учаскесіне барып, таңдауын жасады. Тарихи күні әр азаматтың ел ертеңі үшін дауыс беруі маңызды, – деді аймақ басшысы .
«Биылғы сайлау Қазақстанның тарихында тұңғыш рет осындай жаңаша форматта өтіп жатыр. Оның ішінде бір мандаттық түрде өтіп жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Облыстық мәслихаттың 50, аудандық деңгейдегі мәслихаттардың 100 пайызға дейін халықтың тікелей сайлауымен жүзеге асып отыр», – деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Дәл осындай процесс қазір өңірдегі 525 сайлау учаскесінде жүріп жатыр. Ал облыстағы дауыс беру барысын халықаралық байқаушылар, сондай-ақ кандидаттардың үш мыңға жуық сенім білдірілген адамдары, қоғамдық қорлар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері бақылап отыр. Айта кеткен жөн, сайлау учаскелерінде келушілер үшін көңілді әуен ойнап, мерекелік көрме-жәрмеңкелер ұйымдастырылған. Сондай-ақ қоғамдық көлік те ақысыз қызмет етіп жүр.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы