«Парламенттің жаңаруы елімізге үлкен өзгеріс алып келеді». Бүгін көппен бірге сайлауға барып, өз таңдауын жасаған AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол Астанадағы №110-сайлау учаскесінде дауыс берді. Артынша ол тілшілер сауалына жауап беріп, саяси науқанға қатысты пікір білдірді. Айтуынша, Министрлер Кабинетіне енді жаңа адамдардың келуі әбден мүмкін. Бұл қайта жаңа бағытқа бет бұрған Қазақстан үшін оңтайлы деді.
«Мен сіздерге қазір нақты қанша пайыз жаңарады деп айта алмаймын. Бірақ, лайықты мемлекетімізге адал қызмет ететін, өзінің саласына нақты жауап бере алатын, сол саланы ары қарай жүргізуге ықпал ететін, мүмкіндік жасайтын азаматтар келеді деп сенемін», – деді AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.
«Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына ұсынылып отырған Жигули Дайрабаев та өз таңдауын жасады. Ол сайлауға өз немересін ерте келіпті. Дауыс беріп болған соң саяси науқан жайлы тілшілер сауалына жауап берді. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы әділ өтетініне сенімді екенін жеткізді.
«Біздің мемлекетімізде үлкен мереке. 12 миллионнан астам Қазақстан халқы өз таңдауын жасап, болашаққа бағдар жасап, мемлекеттің дамуына, әрбір қазақстандықтың әл-қуатының артуына қызығушылық танытады. Бүгін 396 учаскеге келіп, азаматтық борышымды өтедім», – деді «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев.