Сайлауда учаске комиссиясының да іс-әрекеті бақылауда болды

Almaty.tv
Almaty.tv
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын бақылауға әлемнің 41 елінен байқаушы қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Сайлауда тек дауыс беруші азаматтар емес, учаске комиссиясының да іс-әрекеті бақылауда болды». Осылай деген Түркия Республикасының өкілі кешегі саяси науқанға халықаралық байқаушы есебінде баға берді, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполисте жұмыс істеген 602 сайлау учаскесінде 1723 адам байқаушы болды. Түсініспеушіліктер мен заң бұзылмауын қадағалағандар тұрғындарға тиісті кеңес беру үшін арнайы дайындықтан өткен еді. Тәртіптің сақталып, талаптың орындалуын назарда ұстағандардың қатарында түрлі халықаралық ұйым атынан бақылау жүргізгендер де бар. Әлемнің әр елінен келгендер жалпы алғанда қаладағы сайлаудың ұйымдастырылуы мен өтуіне оң пікір білдірген.

«Өзін дауыс берушілердің тізімінен таппаған азаматтар да болды. Мұның алдын алу үшін азаматтарға  жан-жақты түсіндірілуі керек деп есептеймін. Әрине, тұрғындардың да қызығушылық танытып, азаматтық көзқарасын анық білдіруі аса маңызды. Мен бақылаған сайлау учаскесінде жағдай қалыпты болды», – деді халықаралық байқаушы Борис Соколов (Ресей)              

Ал Түркияның Ұлы Ұлттық жиналысы Бас ассамблеясының депутаты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайға риза екенін жеткізді. Ол «Трафареттер мен арнайы жабдықтардың болуы – ерекше қажеттілігі бар адамдарды қоғамнан шеттетпей, маңызды іске атсалысуға мүмкіндік береді» деп атап өтті.  Дауыс берушілер ғана емес, учаске комиссиясының да қызметі жіті назарда болды деген байқаушы барған сайлау нысандарында ешқандай заң бұзылмаған.

«Алматыда 17 наурыздан бастап қызметімізге кірісіп кеттік. Айтарлықтар құқық бұзылмады. Мен барған учаскелердің бірінде әйел адам дауыс беру кабинасына кіріп кеткенде кішкентай баласы жылап қалды. Сол сәтте баланың көңілін аулап, жұбаттық, кейін осы оқиғаны еске алдық. Маған Қазақстанда болған күндер ерекше бақыт сыйлады», – деді халықаралық байқаушы Ибраһим Айдемир (Түркия)

Елдегі Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын бақылауға әлемнің 41 елінен байқаушы келді. Қазақстан бойынша олардың саны 793-ке жеткен.

Мадина Оқас, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров