Партиялардың үгіт-насихат жұмыстары 18 наурызға дейін жалғасады
Қазақстанда Парламент Мәжілісі пен мәслихат депутаттығына сайлауға түсетін партиялар үгіт-насихат жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
AMANAТ партиясының республикалық сайлауалды штабы Жамбыл облысында көпбалалы аналармен, еңбек ұжымдарымен, шаруалармен және Қаратау қаласының тұрғындарымен кездесті. Таразда көпбалалы және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналармен жүздесті.
«Әлемдегі оқиғалар және елдегі енгізілген өзгерістер ешкімді бей-жай қалдырып отырған жоқ. Ынтымақ, бірлік байқалады. Халықтың көңілінде үміт бар», – деп хабарлайды AMANAT партиясы республикалық сайлауалды штабының басшысы Ерлан Қошанов.
«Ауыл» партиясынан ұсынылған кандидаттар бүгін Қарағанды облысына барды. Өңірдегі ұн тарту кешеніне табан тіреп, еңбек ұжымымен кездесті. Қордаланған мәселелерді шешу және саланы дамыту жолын талқылады. Облыс орталығында сайлаушыларымен жүздесуде саяси ұйымның тұғырнамасын түсіндіріп, сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Делегация мүшелері ертең Ұлытау облысына, апта ішінде Ақтөбе және БҚО-ға баруды жоспарлап отыр.
Respublica партиясының өкілдері Көкшетаудағы машина жасау зауыт ұжымымен тілдесті. Ауыл шаруашылығын дамыту жайлы тақырыптар жергілікті шаруа иелерімен талқыланды. Сонымен қатар, іскер әйелдер де ұсынысын ортаға салды.
«Көкшетау – біз аралаған он үшінші аймақ. Жетісу өңірінен бастап, осы солтүстік өңірге келіп тұрмыз. Миллионнан астам адаммен кездестік», – деді Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров
ҚХП Ақтаудағы темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыттардың біріне барды. Партиялықтар өндіріс процесімен және зауыттың техникалық мүмкіндіктерімен тікелей танысып, үгіт-насихат штабының мүшелері кәсіпорын қызметкерлерімен сөйлесті.
«Біздің ұжым ҚХП өкілдерімен кездесу өткізді. Олардың баяндамасын тыңдап, түрлі сұрақ қойылды. Ұсыныстар айтылды», – деді бас инженер Рүстем Жұмаев.
«Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері Алматыда жастармен кездесті. Басқосуға саяси ұйым мүшелері, заңгерлер, дипломаттар мен саясаттанушылар қатысты. Жүздесу аясында партия бағдарламасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, алдағы науқанның маңызын атап өтті.
«Еркін диалог форматында өткен кездесу нәтижелі болды. Жастар тарапынан көп сұрақ қойылды. Олар тиісті жауабын алды. Аға буын мен бүгінгі жастар арасындағы қарым-қатынас осылай жалғаса беруі тиіс деп есептейміз», – деді Baytaq жасылдар партиясы саяси кеңесінің мүшесі Айнұр Сәбитова.
«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат жұмысы Өскеменде жалғасты. Кандидаттар кәсіпкерлермен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Өңірдегі бизнесті дамыту жайы талқыланды. Ел ішіндегі өзекті мәселелер ортаға салынып, оны шешу жолы қарастырылды.
«Бүгінгі Өскемен қаласындағы кездесуге «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық аппаратынан жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесуде негізінде кәсіпкерлік және әлеуметтік сала жөніндегі сұрақтар көтерілді», – деді аймақтық сайлауалды штаб мүшесі Ерлан Сабыров.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдерінің сапары Павлодар облысында жалғасты. Олар бүгін Екібастұздағы «Бірінші мемлекеттік аймақтық электр стансасының» еңбек ұжымымен кездесті. Саяси ұйым мүшелері сайлауалды бағдарламасын таныстырып, партияның негізгі ұстанымына тоқталды.
«Облысқа қарасты бірнеше қала мен ауданды қамтуға тырыстық. Бүгін Екібастұз қаласындағы бірқатар мекеменің еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырып жатырмыз. Алдағы уақытта Баянауыл мен Железинский ауданына ат басын бұруды жоспарлап отырмыз», – деді Павлодар облыстық штабының басшысы Ажар Сағандықова.
Айта кетейін, партиялардың үгіт-насихат жұмыстары 18 наурызға дейін жалғасады. Ал 19 наурыз бүкіл ел аумағында Парламент Мәжілісі пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.
Өмір Серікбекұлы, Ринат Утеев, «Алматы» телеарнасы, Астана