|
27.10.2022 | 20:34
4243

Сайлау-2022: Үгіт-насихат жұмыстары әр өңірде жүріп жатыр

Үмткерлер Ұлытау, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Ақтөбе, Түркістан өңірінің жұртымен кездесті

Сайлау-2022: Үгіт-насихат жұмыстары әр өңірде жүріп жатыр egemen.kz

Ел президенттігіне үмітті 6 кандидаттың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары әр өңірде жүріп жатыр. Бірі Ұлытау, Қарағанды, Павлодар облыстарына барса, енді бірі Алматы, Ақтөбе, Түркістан өңірінің жұртымен кездесті. Онда үміткерлердің өзі немесе олардың қолдау штабы өз бағдарламасын таныстырып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Толығырақ әріптесім Оразай Нұртай тарқатады.

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штаб өкілдері бүгін Алматы жұртымен кездесті. Университеттерді аралап, студенттерге сайлауалды бағдарламаны таныстырды. Одан бөлек, жастардың бірқатар сұрақтарына жауап беріп, оқу ақысы мен шәкіртақыға қатысты мәселелерді тыңдады. Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаушы штаб құрамына «Аманат» партиясы мен «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері де жұмылған.

«Студенттерден тек ауызша ғана емес, жазбаша күйде де жинап жатырмыз. Мұндай кездесулердің маңызы да осыда. Қазіргі таңда жастармен ерекше, еркін форматта сөйлесеміз. Ұсыныс, тілек, барлығы бей-жай қалмайды», – деді «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесов.

Ал «Аманат» кәсіподақтар достастығы атынан ұсынылған кандидат Мейрам Қажыкен Ұлытау облысындағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Күні кеше ол өңірдегі өндіріс орындарына барып, кеншілермен кездесті. Кәсіпорынды аралап, Анненский кенішінің шахтасына түсті. Үміткер еңбек ұжымына сайлауалды бағдарламасын қысқаша таныстырды. Айта кетсек, бұл кәсіпорын – елдегі ірі өндірістік бірлестіктердің бірі.

«Біз қазір 250 м тереңдікте тұрмыз. Бұл жер – су айдау уческесі. Суларды жоғары қарай айдаймыз. Бұл жерде 92 адам жұмыс істейді», – деді учаске басшысының орынбасары Берік Бектасов.

«Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» атынан ұсынылған Қарақат Әбден бүгін Екібастұз қаласына ат басын бұрды. Ондағы перзетхананы аралап, медицина қызметкерлерімен және жас аналармен кездесті. Айта кетсек, кандидат бұған дейін Ақмола, Қарағанды облысында және Астанада сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жүргізген болатын.

«Облыстық штаб Павлодар қаласында орналасқан. Екібастұз бойынша 3 сенімді өкіл бар. 10 волонтер жұмысқа алынды. Ақпарат құралдарымызды таратуды бастадық. Кесте бойынша жұмыс істеп жатырмыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Әбденнің сенімді өкілі Анар Айдарханова.

Президенттікке «Ауыл» партиясынан ұсынылған Жигули Дайрабаев Түркістан облысындағы шаруашылық жағдайымен танысты. Фермерлермен жүздескен ол сұрақтарын тыңдап, пікір алмасты. Кездесуде шаруалар мақта мәселесін де айтты. Кандидат түйткілді шешу үшін өнімді сатумен ғана емес, қайта өңдеумен де айналысуды ұсынды.

«Түркістан облысының жетістіктерінің бірі - ұйымшылдық. Мұнда шаруалар өте ұйымшыл. Содан кейін мемлекетке масыл емес», – деді  ҚР Президенттігіне үміткер Ж. Дайрабаевтың республикалық қоғамдық штабы басшысының орынбасары Анас Баққожаев.

Президенттікке Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан сайлауға түскен Нұрлан Әуесбаев және оның қолдау штабы Ақтөбе облысындағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгін ол жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, партия жөнінде ақпарды бөлісті. Одан бөлек, өз бағдарламасын мәлім етті. Кандидат сайлауалды бағдарламасы бойынша 50-ден астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

«Көптеген тұрғындармен кездестік. Бірнеше кездесулер болды. Онда 200-300 адаммен жолықтық. Олардың мәселелерінің бәрін тыңдадық. Осы көптеген мәселені өзімізге түртіп алдық. Біз бүгін қайтадан Астана қаласына барамыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.

Ал «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қарағандыдағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Кандидат өңірдегі құқық қорғаушылармен және өзге белсенділермен жолықты. Кездесуге әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар да қатысты.

«Халықтың жүрегінде өте көп маңызды мәселелер жиналып қалған екен. Олардың күткеніндей көп мәселенің басын ашып айтуға тура келді. Кездесу көңілімнен шықты», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.

Президенттікке ниетті 6 кандидат және олардың қолдаушы штабтары сайлауалды бағдарламаларын таныстыруды жалғастыра бермек. Олар өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесуді жоспарлап отыр. Үгіт-насихат жұмыстары 18 қарашаға дейін жалғасады.

Оразай Нұртай, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир