Апаттан кейін мұқтаждық артады: Алтынай Жорабаева көпшілікке үндеу жасады

11.04.2024 14:18

Өнер иесі жиналған қаражатты жөнсіз жаратпауға шақырды

instagram.com/altynaizhorabayeva

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Алтынай Жорабаева желіде су тасқынына қатысты жазба жариялап, отандастарына үндеу жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі әншінің жеке парақшасына сілтеме жасап. 

Өнер иесі бүгінде жиналған қаражатты жөнсіз жаратпауға шақырды. Әншінің сөзінше, нағыз мұтаждық су тартылғанда басталады. 

Алтынай Жорабаева бүгінде елімізде болып жатқан жағдайларға қатысты Instagram парақшасында пікір білдірген. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналып жатқан қаражатты орнымен жарату керек екенін айтты. Себебі әртіс бұл қаржы кейін су тартылғанда да аса қажет болады деп есептейді. Сонымен қатар әнші өзін көмек көрсетпей жатыр деп сынға алғандарға жауап берді. 

- Қазір дүрбелеңі көп уақыт болып тұр. Елімізде, әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты біраз ойым жинақталып тұр. Жалпы, жекеге "Неге үндемей отырсыз, неге көмек бермей жатырсыз?" деп жазып жатқан жандар өте көп. "Оң қолың бергенді сол қолың білмесін" дегендей, неге бергенімді айтып, жасаған жақсылыққа берілетін сауапты осы дүниеде тастап кетуім керек? Жариясыз жасағанды көбірек құптаймын. Одан бөлек, өнер адамдары жиналып, ортақ чат ашып, ол жақта да қаржылай көмек жиналып жатыр. Қиын жағдайға тап болған аймақтардан хабар алып отырмыз. "Әзірге тамақ, керек-жарақтың барлығы жетерлік. Нағыз мұқтаждық осы ажиотаж басылғанда, су тартылғанда басталады. Соған жұмсаған жөн" деді. Дегенмен біраз өнер адамы сол аймақтарға өздері барып, көзбен көріп, ары қарай жиналған қаржыны қаржылай, немесе заттай үлестіреміз деп отыр. Біреу соңғы 1000 теңгесін береді, бір адам көбірек қосады. Маңыздысы, сіздің Алла разылығы үшін жәрдемдесу ниетіңіз, - деп жазды Жорабаева.

Оқи отырыңыз: Әзірге 25 млн теңге жиналды: әншілер халықпен бірге (видео)