Актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желіде өзін сынайтын көпшілікке жазба арнады. Өнер иесі Instagram-дағы парақшасында көрермендерінен етегінен тартпауды сұрады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі nur.kz-ке сілтеме жасап.
- Етегімнен тартпаңдаршы. "Күзетші сенің не теңің?" деп жерден алып, жерге салып болдыңыздар ма? Құрсын, таралып кеткені соншалық, үтікті қоссақ та сол видео шықты ғой алдымыздан. Мейрамхананың қосып берген күзетшісі ғой. Біздің дым қатысымыз жоқ. Ақталды демеңіздер. Бір жағы, басқа ұлттың баласына ұқсап күзетшімен жүргенге не жетсін? "Сол күнге жетейік" деп жақсы сөз айтқан бір қазақ жоқ қой, шіркін-ай! Жалпы деймін де, бастап жатқан ісіміз ілгері жүрсін десек, етектен тартпайық. "Ой, сендер сондай, сендер бұндай" деп артқа тартпайықшы. Неге десеңіз, біз көпұлтты мемлекетпіз. Өзіміз аз ғана қазақпыз. Жұрттың баласының алдында бір-бірімізді табалап, жағадан ұстамайық! Енді еңсемізді көтеріп келе жатқанда, салымызды суға кетірмейікші. Қай саланың тасы өрге домаласа, төмен тартуға құмар болмайық. Рухы биік, текті ұрпақтың балаларымыз ғой, - деп жазды Бадықова.
Еске сала кетейік осыған дейін Дариға Бадықова киносын сынаған режиссер Ермек Тұрсынов пен кәсіпкер Ахметбек Нұрсилаға жауап қайтарған болатын. Сонымен қатар өнер иесі неліктен тойға күзетшімен шыққанын да түсіндіре кетті.
- Біз "Болдық, толдық, ойбай, күзетші беріңдер" демедік. Біз ұжымдық кешке бардық. Бізге де ақша керек. Өнер арқылы ақша табуымыз керек. Дәрігер де, мұғалім де өз мамандығы арқылы ақша табады. Күзетшіні мейрамхананың иелері берді. Өйткені, ұжымдық кеш болып жатыр. Халық өзі жылына бір рет көңіл көтереді. Ондай кезде адам көп болады. "Қыспасын", "Біреудің зияны тиіп кетпесін" деп берді. Біз әртүрлі адамбыз. "Біреу бірнәрсе істеп кете ме?", "Тығып ала ма?" деп берілді.., - деген болатын Дариға Бадықова.
Оқи отырыңыз: Мадина Сәдуақасова Техас штатының құрметті азаматы болды (видео)