Той-бизнеске ғана жұмыс істейді: белгілі дизайнер әншілерді сынға алды

22.11.2021 16:17

Сәкен Жақсыбаев киім кию талғамы бойынша шоу-бизнестегі өз фаворитін атады

news.myseldon.com

Отандық дизайнерлердің соңғы кезде шоу-бизнеске көңілі толмай жүргенге ұқсайды. Себебі Paparazzi бағдарламасының өткен шығарылымда Лилия Рах Димаш Құдайбергеннің сахналық стиліне шүйліксе, бұл жолы «Алматы» телеарнасының Paparazzi бағдарламасында дизайнер Сәкен Жақсыбаев ән әлеміндегілердің сәннен жұрдай екенін еш бүкпесіз баяндап берді.

«Шоу-бизнес өкілдері ренжімесін, олардың бәрі той-бизнес бағытында ғана жұмыс істейді. Димаш Құдайбергенді алмағанда, бізде таланттылар жоқ.  Оның өзі Қазақстаннан басқа елдерде өнер көрсетеді. Біздің отандық жұлдыздардың ішінде білімі, талғамы, стилі, жүріс-тұрысы жағынан ауыз толтырып айтатын ешкім жоқ», – дейді дизайнер.  

Өзін сән саласы бойынша мықты мамандардың қатарына қоятын Сәкен Жақсыбаев киім кию талғамы бойынша шоу-бизнестегі өз фаворитін атады.

«Маған Әли Оқаповтың сабырлығы және өзіне тән киім кию стилі ұнайды. Оның костюмдерінің өзіндік бір стилі бар. Мысалы, Марк Цукерберг ылғи джинсы шалбар, сұр жемпір киіп жүреді. Сол секілді Әли Оқапов та стилін көп өзгертпейді.  Бұл – киім кию стиліндегі тұрақтылықты көрсетеді», – дейді ол.