Азия дауысы: Алматыда аты аңызға айналған Black Eyed Peas тобы өнер көрсетті

nur.kz
nur.kz
Фестиваль тарихында алғаш рет шақырылған әлем жұлдыздарының толыққанды жеке концерті өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

19 жылға созылған үзілістен кейін Медеу мұз айдынында басталған «Азия дауысы» халықаралық музыка фестивалінің екінші күні де эмоцияға толы болды. 29 шілдеде шараның басты хедлайнері – Black Eyed Peas тобының мега-жұлдыздары көрермен алдында өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Фестиваль тарихында алғаш рет шақырылған әлем жұлдыздарының толыққанды жеке концерті өтті.

Zakazbiletov.kz жобасының директоры Сәбит Сүлейменовтың айтуынша, Black Eyed Peas тобы қазір Еуропадағы гастрольде жүр. Егер олар Америкада болғанда алып келу қиынға соғар еді. «Азия дауысы» өтетін уақытта олар бос болған.

«Оларды Алматыға Венгриядан алып келдік. Бұдан әрі Испанияға ұшып кетеді, яғни еуропалық турларына қайта оралады. Таңдау неліктен оларға түсті? Себебі басқаларына қарағанда олар осында келгісі келді және топ менджменті Алматыға сапарды талқылауға дайын болды. Концертті «Азия дауысы» шеңберінде өткізу шешілді. Себебі оған фестивальдің форматы мүмкіндік беріп тұрды: бірінші күн – қазақстандық, екінші – халықаралық және үшінші күн аңыз әншілерге арналған. Осылайша, сәті болып, халықаралық күнді топтың әлемдік турнесімен біріктіру мүмкін болды», - дейді С.Сүлейменов.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, қазіргі уақытта Black Eyed Peas тобы «Where is the Love?» хитінің 20 жылдығы және осы аттас тоғызыншы альбомның шығуына орай Elevation әлемдік турнесін өткізуде. Музыка аңызына айналған will.i.am осы үшін топқа қайта қосылған. Ал әнші Фергидің орнын J. Rey Soul сәтті алмастырып кеткен.

Black Eyed Peas – адамзат тарихында альбомы ең көп сатылған топтардың бірі. Аты аңызға айналған америкалық хип-хоп тобы.

Кешегі концертте кішігірім оқиға болды – Дағыстаннан келген топтың жанкүйері «I Gotta Feeling-ді орындағым келеді» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Оны көрген музыканттар жігітті сахнаға шақырып алып, онымен бірге әннің бір бөлігін орындады. Дағыстандық қонақтың қуанышында шек болмады. Стадионға жиналғандар бақытты адам мен will.i.am-ға қошемет көрсетіп, қол соқты.

«Қазірдің өзінде жанданған «Азия дауысы» туризмнің дамуына әсер ете бастады. Себебі Қазақстанның әр қалаларынан және Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты бірнеше елден жанкүйерлер Алматыға тек Black Eyed Peas үшін келді. Алматы бұрын-соңды мұндай керемет шоуды көрген емес: Black Eyed Peas 2000-шы жылдардағы хиттерін орындаған кезде көрермендер түгел биледі»,- деп атап өтті ұйымдастырушылар

Фестивальдің екінші күні әсерлі аяқталды. «Харекет» қоғамдық қоры «Азия дауысы» сахнасында қазақстандықтардың ақшасына сатып алынған пәтердің кілтін мұқтаж отбасына табыс етті.

Бүгін, фестивальдің соңғы күні көрермендер аңызға айналған ретро жұлдыздарды көреді. Secret Service және ЯЛЛА топтары, қазақстандық эстрада жұлдыздары 40 минут өнер көрсетеді және салтанатты отшашу болады.

Фестивальдің бірінші күнінде «Жас қанат 2023» жас орындаушылар байқауының жеңімпаздары өнер көрсеткен болатын. Сондай-ақ Байғали Серкебаевтың «Джулия» мюзиклінен үзіндінің тұсаукесері кезінде «А-studio» тобының әндері шырқалып, көрермен әлемдік хиттерді еске алды.

Айта кетейік, Алматы қаласының әкімдігі көрермендердің «Медеуге» еш қиындықсыз жетіп, қалаға оралуын қамтамасыз етті. Фестиваль күндері қосымша тегін автобустар қатынайды. Олар Сәтбаев пен Байтұрсынов қиылысынан сағат 14:00-ден 24:00-ге дейін 10-15 минут аралықпен жүреді.

Новости партнеров