Әлеуметтік желіде тараған "Za Россию!" афишасы жалған болып шықты

17.04.2022 19:30

Афиша күні мен жарияланған форматы шындыққа сәйкес келмейді

«Алматы әуендері» КМҚК баспасөз қызметі

Әлеуметтік желілерде Ольга Кортункова, Денис Дорохов, Давид Цаллаев және т. б. әзілкештердің қатысуымен "музыкалық-патриоттық марафонның" өткізілуі туралы ақпараттарға қатысты "Алматы әуендері" КМҚК баспасөз қызметі "Za Россию!" баннер-афишасы  жалған болып табылатындығын мәлімдеді. Афиша күні мен жарияланған форматы шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Ресми афиша мен концерттік бағдарламада қандай да бір саяси астары жоқ екенін еске саламыз", - делінген "Алматы әуендері" КМҚК баспасөз қызметі хабарламасында.

Айта кетейік, ұйымдастырушымен концерттік залды жалға алу және «Однажды в России» сатиралық шоуын өткізу туралы келісімшарт 2021 жылдың 8 желтоқсанында жасалған. Бұрын гастрольге сәйкес, концерттік бағдарлама қаңтар айына жоспарланған және екі рет 2022 жылдың мамыр айына ауыстырылған.

Бүгінге дейін ұжым Қазақстанның 8 қаласында, соның ішінде Қарағанды, Петропавл, Қостанай, Павлодар, Өскемен қалаларында өнер көрсетті.

«Однажды в России» - 2014 жылдың 28 қыркүйегінен бері бар және таза ойын-сауық болып табылатын коммерциялық жоба. Қазақстандағы бағдарламаның форматы да тек қана комедиялық болып қала береді, мұны "Алматы әуендері" ресми сайтында жарияланған ақпарат толық дәлелдейді.

Еске салайық, әлеуметтік, ұлттық, рулық, таптық және діни араздықты қоздыруға бағытталған жалған ақпаратты (жалған ақпарат) тарату Қазақстан Республикасының заңымен қудаланады.

Арандатушылыққа бой алдырмай тек ресми ақпарат көздеріне сенулеріңізді сұраймыз.