Алматыда ресейлік танымал әншілердің концерті тоқтатылды

коллаж Almaty.tv
коллаж Almaty.tv
Мейрамхана 500-ге жуық келушіні қабылдап, концерт өткізбек болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда карантин талаптарын өрескел бұзған кәсіпкерлік нысан анықталды. Аталмыш мейрамхана 500-ге жуық келушіні қабылдап, ТМД-бойынша танылған әншілермен ережеге бағынбай концерт өткізбек болған. Алайда мониторингтік топтар дереу іске кірісіп, іс-шараны тоқтатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Мына видеодан мейрамханада бетперде режимінің сақталмағанын айтпағанда, ине шаншар орынның жоқ екенін байқауға болады. Яғни, санитарлық талаптарға сай арақашықтық сақталмаған. Мекеме қызметкерлері де тексеруші топқа қарсылық танытқанымен еш нәтиже болмады. Келушілердің айтуынша, мұндағылардың басым бөлігі белгілі әншілер Султан Лагучев пен Ислам Итляшевті көру үшін жиналған.

Анық болғандай, мейрамханада Султан Лагучев пен Ислам Итляшев сынды ресейлік әншілердің концерті болу керек болған. Алайда тәртіп сақшылары құқықбұзушылықтың алдын алып, барлық келушіні сыртқа шығарды.

Ал тәртіп бұзған мекеме басшылығына әдеттегідей хаттама толтырылып, жауапты органға жолданды.

«Қаулы бойынша мұндай шараларда адам саны 50-ден аспау қажет. Сондықтан қала кәсіпкерлерінен өтінерім санитарлық талаптарды бұзбай жұмыс істеңіздер. Қала тұрғындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарайық», – деді Алмалы аудандық Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Ерден Бейсембаев.

Айта кетейік, қала «қызыл» аймақта болғандықтан, мұндай тексеріс жұмыстары алдағы уақытта жалғаса береді.

Мерей Қанапиянов, Қайрат Советбекұлы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров