|
14.07.2022 | 15:52
21749

Алматыда жаңа фильмнің тұсауы кесілді

Фильм бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрда көрсетіле бастайды

Алматыда жаңа фильмнің тұсауы кесілді Almaty.tv

Алматыда жаңа фильмнің тұсауы кесілді. Комедия жанрындағы кезекті туынды «Бишарашки» деп аталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Отандық кино отбасылық құндылықты насихаттауды көздейді. Аяқ асты тығырыққа тап болған ауқатты отбасы Алматы облысындағы ата-анасының үйіне көшуге мәжбүр болады. 20 жыл ауыл өмірін көрмеген жандар үшін бастапқыда ондағы тіршілікке араласып кету оңайға соқпайды. Кейіннен олар өздері күтпеген жағдайларға тап болады.

«Мен бай, ауқатты адамның рөлін сомдаймын. Маған бәрін ақшамен шешетін, көкқағазға сенген образды алып шығуға тура келді. Түсірілім кезінде ауа райы құбылып, жаңбыр жауғаны болмаса, аса бір қиындықтар болған жоқ. Жалпы ұйымшыл ұжыммен жұмыс істедім. Бұл бір есте қалатын түсірілім болды», – деді  актер Жан Байжанбаев.

Фильмнің «Бишарашки» деп аталуының өзіндік себебі бар. Мақсат – өмірдің мәнін ақша деп түсініп, мейірім мен адами қасиетті ұмытқан отбасының хәлін көрсету.

«Фильмнің атын көп ақылдасып, ақырында осылай деп атауды ұйғардық. Фильмнің соңында не себепті «Бишарашки» деп атағанымыз көрсетіледі», – деді актер Иісбек Әбілмәжінов.

Бұл – компания түсірген 4-фильм. Фильмнің негізгі идеясы – отбасы құндылығын насихаттау. Жабық көрсетілім қаладағы ірі ойын-сауық орталығының бірінде өтті.

«Фильм екі аптада түсірілді. Аз уақыттың ішінде осындай фильм түсіру үлкен тәжірбие. Премьераларыңыз құтты болсын. Кассаны көп жинасын. Көрерменнің көңілінен шығады деген үміттемін», – деді актер Еркебұлан Тоқтар.

Көрермен асыға күткен фильм бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрда көрсетіле бастайды. Режиссердің айтуынша, елімізде ғана емес, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Қытайда көрсету жоспарда бар.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир