Мақпал Жүнісова: Әншілер бай болса, той жағалап жүрмес еді

02.12.2021 22:50

Тойға барып келгеннен кейін, тапқанымды бәрі талап алып кетеді – әнші

el.kz

ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісова мен әнші Бауыржан Рахымбеков жаңа ән шығарды. Бұл туралы «Алматы» телеарнасы Таңғы STUDIO бағдарламасында айтты.

«Біз бүгін «Кім білер» әнін алып келдік. Бұл қырғыздың әні, біз автордың алдынан өтіп, рұқсатын алдық. Қазақ тіліндегі сөзін ақын Бағдаулет Арыстан деген бауырымыз жазды. Қырғыстанда аталмыш ән «35» деп аталады. Осы әнге Мақпал екеуміз ән жазғызып, жақында бейнебаян түсірдік», – дейді әнші Бауыржан Рахымбеков.

Әншінің айтуынша, бейнебаян түсіру барысында да түрлі қызық болған. Күздің қара суығында жаздық киіммен клип түсіру оңайға соқпаған.  

«Суық күнде Қапшағай көлінің жағасында клип түсірдік. Күн қатты суық болды, жаздық киіммен дірдектеп жүріп түстік. Сондай-ақ «Ауылға барам» әніне бейнебаян түсіргенде Мақпалдың температурасы 40-ға дейін көтерілді. Түсірілім кейінге қалмасын деп, 3 күн бойы температурамен жүрді», – дейді әнші.

Мақпал Жүнісова әншілерді бай санайтын елге назын айтты. Халық әртісінің айтуынша, әншілердің ақшасы көп болса, той жағалап жүрмес еді.

«Елдің бәрі бізді «ақшасы көп, бай» деп ойлап жатады. Бірақ бай болсақ, тойға шығамыз ба? Кейбіреулер «Қанша тұрасыз?» деп хабарласып жатады... Мен өзім үйде әйел мен еркектің жұмысын бірге атқарамын. Ағайын-туыс, достар, бәрі менің мойнымда. Тойға барып келгеннен кейін тапқанымды бәрі келіп талап алып кетеді. Одан кейін менің қайтадан тойға шығуыма тура келеді», – дейді әнші.  

Теги: өнер