Еліміздің білім туралы заңнамасы 5 жылда 29 рет өзгерген. Бұл мәселені Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол келтірген дерек бойынша, мемлекеттік білім беру стандарты 2000-2017 жылдар аралығында 7 рет өзгеріпті. Әр өзгеріс сайын оқулықтың мазмұны жаңарып, қыруар қаржы бөлінгенімен қатар, жаңа кітаптар басылып шыққан.
«Осы кезге дейін білім саласында біз еліктемеген ел қалған жоқ шығар. Бірақ олар қоғамға қажет пе, мүддемізге сай ма, оған бас ауыртпадық. Нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында еліміздегі неғұрлым реформаланған сала – білім беру саласы болды. Айналдырған 4 жылда 3,5 млн оқушыға білім беру реформасын жасап, оларды шексіз реформалардың тәжірибелік алаңына айналдырдық. Бірақ реформалардың нәтижесі мен олардың қандай білім алғанына ешкім жауап берген емес», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Ал сенатор Нұртөре Жүсіп мәдениет сақтамаған әншілерді сахнадан аластату керек деп отыр. Ол Алматыдағы спорт сарайында Мемлекеттік рәміздерді қорлап, әдепсіз сөздер айтқан әншілерді құр сөзбен кешіре салуға болмайды дейді. Сенатор Мемлекеттік рәміздерді қорлау туралы заңды барынша қатайтуды ұсынды.
«Мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заң баптарын барынша қатайтуды, белгіленген айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді және жаза мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды, әдепсіздік көрсеткен, былапыт сөз айтқан, есірткіге елігіп, ішімдік ішкен әншілер мен өнерпаздарды 5 жылға дейін сахнадан аластатуды және осы талаптарды бұзған шығармашылық ұйымдар мен әншілердің қызметіне 5 жылға дейін шектеу қоюды талап етеміз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.