|
17.11.2022 | 14:31
1826

Менің бапкерім: айтар ойы бар, жастарды спортқа баулитын сериал - Дарын Шыныбеков

Телехикаяны сағат 21.00-де "Алматы" телеарнасынан тамашалай аласыздар

Менің бапкерім: айтар ойы бар, жастарды спортқа баулитын сериал - Дарын Шыныбеков Almaty.tv

Жақында «Алматы» телеарнасынан «Менің бапкерім» телехикаясының екінші маусымы көрсетіле бастады. Телехикаяның басты мақсаты – жастарды спортқа баулу, оларды шабыттандыру.

Almaty.tv тілшісіне бас кейіпкер - Ерназардың рөлін ойнаған Дарын Шыныбеков арнайы сұхбат берді.

Телехикаяның бірінші маусымында жас бапкер Ерназар чемпион атанып, оны басқа беделді команданы жаттықтыруға шақырады. Телесериал осылай аяқталған еді. 

Продюсер көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, сұранысқа ие болғаннан телехикаяның жалғасын түсіретінін айтқан.

«Екінші маусымға шақырту алғанда, бұл ұсынысты өте жақсы қабылдадым. Шыны керек, бірінші маусым көрермен тарапынан жақсы қабылданды. YouTube-те де көп қаралым жинады. Сондықтан да телехикаяның жалғасы түсіріледі дегенді естігенде қуандым», - деді актер.

Актер түсірілім барысындағы қызық оқиғаларды еске алып, кездескен қиындыққа тоқталды.

«Түсірілім өте өнімді өтті. Күнде таңертең 5.00-ден түнгі сағат 00.00-ге дейін түсірілім алаңында жүру қиынға соқты. Бұдан басқа қиындықтар туындаған жоқ.  Оқиға жағынан алып қарайтын болсақ, екі маусым бір-біріне ұқсайды. Менің ғана жұмыс орным өзгереді. Екі маусымда да жұмыс істеген оңай болды. Бәрі ойдағыдай өтті», - деді Дарын.

Елімізде жастардың арасында футзалға деген қызығушылық жоғары. Дарынның айтуынша да, сериалдың көрермендер арасында танымал болуына осы қызығушылық себеп болған.

«Менің бапкерім» - айтар ойы бар, жастарды спортқа баулитын сериал. Жастар арасында футзалға деген қызығушылық жоғары. Кәсіби деңгейде де спорт елімізде жақсы дамыған. «Қайрат» командасын алсақ та, ұлттық құраманы алсақ та, әлемдік деңгейде жетістіктерге жетіп, керемет көрсеткіш көрсетіп жүр», - деп ойын бөлісті актер.

Телехикая жалғасында Дарынның сүйіктісінің рөлін басқа актриса сомдайды. Алғашқы маусымдағыдай емес, екінші кезеңде махаббат хикаясынан гөрі спортқа көбірек көңіл бөлінеді.

«Шынымды айтсам, не себеп болғанын білмеймін. Менің түсінгенім, Ақботамен уақыт бойынша келісе алмаған. Бірінші маусымда оның қайда кеткені, не үшін кеткені көрсетілмейді. Менің екінші ғашығым екінші маусымның басында емес, аяғына қарай пайда болады. Бұл маусымда спортқа басымдық беріліп, ғашықтық сезімі көп көрсетілмейді. Актрисаларға келетін болсақ, екеуі де мықты, екеуі де сұлу. Бірақ бірінші маусымда махаббат линиясы жақсырақ ашылған деп ойлаймын, себебі екеуінің арасындағы қарым-қатынас, кикілжің көбірек көрсетіледі. Ал екінші маусымда мұндай нәрселер көп көрсетілмейді», - деді Дарын Шыныбеков.

Көрермен үшін жаңалық жаңа кейіпкер - антагонист қосылады. Оқиға желісі антагонист пен Ерназар арасындағы кикілжіңді көрсету арқылы өрбиді.

«Ол мен ауысып келген командада бас бапкер болып жұмыс істейді. Ал мен оның көмекшісі болып орналасамын. Сериалдың басым бөлігінде екеуіміздің арамыздағы кикілжің көрсетіледі. Екеуіміз бір-бірімізбен келісе алмаймыз. Оның айтқаны маған, менің айтқаным оған ұнамайды. Одан кейін менің команданы өзіме алып, оны дамытып, олардан чемпион дайындап шығаруым көрсетіледі», - деді Дарын.

 Телехикаяны  «Алматы» телеарнасынан дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 21.00-де көре аласыздар.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир