|
14.12.2022 | 15:29
1147

IQ Almaty телевизиялық жоба жеңімпазы ЖОО-ның грантын ұтып алды

Биыл жобаға қаладағы 32 мектептен 160 оқушы қатысқан

 IQ Almaty телевизиялық жоба жеңімпазы ЖОО-ның грантын ұтып алды Almaty.tv

Алматы қаласының ең дарынды әрі білімді оқушылары анықталды. «Алматы»  телеарнасы ұсынған IQ Almaty телевизиялық жобасы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар белгілі болды.

5 айға жалғасқан білім бәйгесіне мегаполистегі үздік деп танылған мектеп пен оқушылар іріктелген еді. Нәтижесінде ақтық финалға 4 оқушы өтіп, оның үшеуі еліміздігі жетекші жоғары оқу орындарының білім грантын иеленді.

Нұрым Еркінов – 160 оқушының арасынан үздік атанды. Бағдарламаның бас жүлдесін жеңіп алған ол  Қазақстан-Британ техникалық университетінің 4 жылдық тегін оқу грантын иеленді. Ол жастайынан математика мен физика пәніне бейім өскен. Алтын белгіге үміткер. Озат оқушы енді алдағы жылы математика және техникалық модельдеу мамандығы бойынша оқуын бастамақ.

«Финалғы шығу қиын болды. Бірақ мен бастапқыда қатысқан кезде ұтамын деген мақсат қойдым. Сол мақсатқа жеттім деп ойлаймын. Алда жақында пәндік олимпиада келе жатыр. Ұтқым келеді және  жоспарлаған университетте білім алсам деймін», – деді «IQ Almaty» жобасының 1-орын иегері Нұрым Еркінов.

Ал білім бәйгесінің екінші, үшінші орын иегерлері де құр қол қайтпады. Оларға «Тұран» университетінің 1 жылдық оқу грантының сертификаты табысталды.

«Қарсыластарымның бәрі мықты болды. Барлығы өте тез, шапшаң ойлайды. Мен 5-сыныптан  бастап математика пәнінен түрлі олимпиадаға қатысып келемін. Оның ішінде аудандық, мектепшілік, қалалық жарыстарға қатысқам», – деді «IQ Almaty» жобасының 2-орын иегері Қуаныш Нұржан.

«Өте керемет бағдарлама, күшті әсер болды. Себебі ол жерде шапшаңдық, тез ойлау, алғырлық жоғары бағаланады. Сұрақты қойылған кезден бастап бірінші болып тетікті басу керек. Олай болмаған жағдайда қарсыластың мүмкіндігі болады», – деді IQ Almaty жобасының 3-орын иегері Дінмұхамет Басымбек

IQ Almaty телевизиялық жобасы – «Алматы» телеарнасының төл өнімі. Жыл сайын өтетін дәстүрлі бағдарлама талабы таудай таланттардың дарынын шыңдап келеді. Биыл жобаға қаладағы 32 мектептен 160 оқушы қатысқан. Кіл мықтының ішінен мықтыны таңдау да оңайға түспеген. Бас аяғы 15 шығарылымға жалғасқан зияткерлік ойынның қорытынды бағдарламасы өткен жексенбіде өткен еді.

Ұлағат Арғын, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир