|
06.12.2022 | 16:08
3336

«Медеуде кездесейік» телехикаясында Алматыны басқа қырынан көресіздер - продюсер

Телехикаяны «Алматы» телеарнасынан дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 21:00-де тамашалай аласыздар

«Медеуде кездесейік» телехикаясында Алматыны басқа қырынан көресіздер - продюсер Almaty.tv

Биыл – «Медеу» мұз айдынының 50 жылдық мерейтойы. «Алматы» телеарнасы 5 қарашадан бастап айтулы оқиғаға орай түсірілген «Медеуде кездесейік» атты мелодрама жанрындағы телехикаяны көрермен назарына ұсынды.

Телехикая продюсері Әйгерім Самалбекқызы мен басты рөлді сомдаған актриса Гүлия Ұзақбаева Almaty.tv тілшісіне телехикая жайлы толығырақ айтып берді.

Түсірілім кезінде «Медеу» мұз айдынында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Бірақ продюсердің айтуынша, фильмде «Медеудің» әдемілігін барынша көрсетуге тырысқан.

«Биыл «Медеу» мұз айдынына 50 жыл толды. Телехикая осыған орай түсірілді, сондықтан қатты қобалжыдық. «Медеу» мұз айдыны жазғы маусымнан кейін жөндеу жұмысына жабылады. Мұз айдын біздің түсірілім аяқталған кезде ашылды. Біз түсіріп жатқанда, жөндеу жұмыстары жүріп жатты. Мұз айдынсыз қалай болады екен деп ойладық, себебі «Медеу» дегенде бәрінің көз алдына мұз айдыны келеді. «Медеу» - Алматының ғана емес, барша еліміздің мақтанышы, сондықтан оның әдемілігін барынша көрсетуге тырыстық. Қолымыздан келді ме, келмеді ме? Оны көрермен бағалай жатар», - деді продюсер.

Әйгерім Самалбекқызының айтуынша, мелодрама жанрын жастар көп көреді. Тіпті, олар осы жанрда телехикая түсіруін өтінген көрінеді 

«Маған жастар мелодрама түсіріңізші деп көп айтады. Өзімнің ойымда да көптен жүрген. Сценарлық топ құрылды. Толғанай, Диляра үшеуміз сценарийін жаздық. Бұл телехикая Толғанай үшін дебют болды. Үшеуміз де әйел болғандықтан, драманы, махаббатты жақсы жеткізе алдық деп ойлаймын», - деді продюсер.

Телехикаяның ерекшелігі - жаңа леп, көптен көрінбей кеткер актерлермен келісім жасау. 

«Бірінші сценарий жазылады. Одан кейін осы кейіпкерді аша алады-ау, мінезі келеді-ау деген актерлерді іріктеп аламыз. Одан бөлек, жасына, репутациясына қараймыз. Телехиаямызға Дулыға Ақмолда ағамыз түсті. Ол – мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта да аға буын өкілдерімен жұмыс жасағым келеді. Кастинг ұзақ уақыт жүрді. Он жыл үзілістен кейін актер, модель Әйгерім Жаңылбаева экранға қайта оралды. Жалпы, телехикаяда ерекшелік, жаңа леп болуы керек. Адамдар бір адамды көре бергеннен жалығады. Бір актер бірнеше фильмде жүрсе, көрермен шатасады. Тағы бір көптен көрінбей кеткен актердің бірі – Ербол Семкұлов. Сондай-ақ Асқар Жұмабеков алғаш рет басты рөлді сомдайды», - деп актерлік құраммен таныстырды продюсер.

Бокстағы шынайлықты көрсету үшін түсірілімге арнайы каскадерлік топ шақырылыпты.

«Басты кейіпкер боксер екенін айтып кеттім.  Боксты көрсететін сахналарды Бауыржан Әбішевтің «KAZAKH UNION» каскадерлік тобымен түсірдік. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, барынша шынайы көрсетуге тырыстық», - деп сөзін аяқтады Әйгерім Самалбекқызы.

Телехикаяның басты кейіпкерлерінің бірі «Медеу» мұз айдынында жұмыс жасайды, ал енді бірі - Медеуге жаттығу жасауға келетін спортшы. Екеуінің тағдыры Медеуде тоғысады.

Гүлия Ұзақбаеваның продюсер Әйгерім Самалбекқызымен бірлесе жұмыс жасаған бірінші жобасы емес. Актер жаңа жобаға шақырып, кейіпкері жайлы естігенде, телехикаяға түсуге қуана келіскенін айтты.

«Мен бұрынғы жобаларда жылап көрмегенмін. Ал бұл телехикая мелодрама жанрында болғандықтан, жылайтын сахналар көп болады. Мен біреудің көзінше жылай алмайтын адаммын. Сондықтан да түсірілім тобының алдында жылау мен үшін жаңа тәжірибе болды», - деп бөлісті актриса.

Түсірілім барысы қиындықсыз өтпейді.  Күн суық, десе де ақтер фильмдегі ролі ұнағанын айтты.

«Ауыр сахналар көп болды. Түнде түсірілетін сахналар көп болды. «Медеу» аумағы, өздеріңіз білесіздер, суық. Актерлердің бәрімен жұмыс жасаған ұнады. Бөліп-жаратын ешкім жоқ. Барлығы өз рөлін жақсы алып шықты», - деді актриса.

Продюсер телехикаяда Алматыны мүлде басқа қырынан көрсетуге тырысқандарын атап өтіп, көрермендерді телехикаяны тамашалауға шақырды.

Телехикаяны «Алматы» телеарнасынан дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 21:00-де көре аласыздар. 


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир