«Алматы» телеарнасынның тікелей эфирінде мерекелік телемарафон өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы басталды. Соңғы екі жыл бойы «көктемгі жаңару» мерекесі пандемия жағдайында аталып өткен еді. Ал биыл әр өңір өз жоспарын әзірледі – халықты Наурыз мейрамына орай концерттер, спектакльдер мен мерекелік шаралар күтіп тұр.
Наурыз мейрамы – Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мерекенің сан ғасырлық тарихы бар.
Мегаполисте негізгі мерекелік шаралар 21-23 наурыз аралығында өтеді.
Қаланың барлық ауданында 80-нен астам түрлі іс-шара жоспарланған.
Телемарафон барысында көрермендер Наурыз мейрамын тойлаудың тарихы мен салт-дәстүрімен танысты.
Бағдарламада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ләйлә Ахметова, танымал дизайнер Аида Кауменова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-домбырашы Айгүл Үлкенбаева қонақта болды.
Мерекелік телемарафон тікелей эфирде «Тұсаукесер» рәсімімен аяқталды.
«Алматы» телеарнасының ұжымы Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтайды! Көктем мерекесі үйіңізге жылулық пен береке әкелсін!